«Әбіл» фильмі «Оскар» үміткерлерінің ресми тізіміне енді
Америкалық киноакадемия «Оскар – 2027» сыйлығына үш аталым бойынша қатысуға жіберілген фильмдердің тізімін жариялады.
Елзат Ескендірдің «Әбіл» драмасы «Үздік халықаралық көркем фильм» аталымы бойынша «Оскар – 2027» сыйлығына ұсынылған 104 картинаның қатарына қосылды.
Америкалық киноакадемия «Оскар – 2027» сыйлығына үш аталым бойынша қатысуға жіберілген фильмдердің тізімін жариялады. Олар: үздік анимациялық фильм, үздік деректі фильм және үздік халықаралық көркем фильм. Биыл үш санаттың да үміткерлер тізімі рекордтық көрсеткішке жетті. Атап айтқанда, анимация санатында 38, деректі фильмдер арасында 190, ал халықаралық көркем фильм аталымында 104 туынды бар.
Оның 100-ін елдер мен аймақтар ұсынса, тағы төртеуі ірі кинофестивальдердегі жеңістерінің арқасында қатысу құқығына ие болған. Қазақстандық «Әбіл» фильмі де осы тізімге енді. Фильмді Қазақстан Кинематографистер одағы жанындағы «Оскар» комитеті таңдаған. Бұл шешім биыл қыркүйекте жарияланған.
Фильм оқиғасы 1993 жылы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаппай жекешелендіру кезеңінде өрбиді. «Баянқазақ» колхозының шопаны Әбіл мемлекеттік мүлікті бөлісу кезінде өз үлесін алады. Алайда ел социалистік жүйеден нарықтық экономикаға көшіп жатқан алмағайып кезеңде оның ойлағаны жүзеге аса бермейді.
«Әбіл» бұған дейін де бірқатар халықаралық кинофестивальде жоғары бағаланды. Ерлан Төлеутай Дублинде өткен XIII Silk Road халықаралық кинофестивалінде және Бішкек халықаралық кинофестивалінде «Үздік актер» атанды. Ал Францияның Везуль қаласында өткен Азия киносының 31-халықаралық фестивалінде картина қазылар алқасының бас жүлдесін, киносыншылар алқасының жүлдесін және NETPAC қазылар алқасының марапатын иеленді.
Енді фильмдерді іріктеудің тағы екі кезеңі бар. 15 желтоқсанда киноакадемия қысқа тізімге енген 15 картинаны жариялайды. Ал «Оскар» номинанттарының есімі 2027 жылғы 21 қаңтарда белгілі болады. Сыйлықты табыстау рәсімі 2027 жылғы 14 наурызда өтеді.
11:31
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.