Бүгін – Халықаралық ана тілі күні
2000 жылдан бері 21 ақпанда әлемде Халықаралық ана тілі күні аталып өтеді.
Бұл күн 1999 жылғы 17 қарашада өткен ЮНЕСКО-ның бас конференциясының 30-сессиясы қаулысымен қабылданған. Мақсаты – тілдік және мәдени ерекшеліктер мен көптілділікті сақтау.
Неге дәл 21 ақпан?
Әрбір атаулы күннің негізінде кенеулі тарих жататыны белгілі. 21 ақпанның Халықаралық ана тілі күні ретінде алынуы да бекер емес. Ол 1952 жылғы 21 ақпанда шығыс Пәкістанның (1971 жылдан Бангладеш) Дакка қаласында өткен өздерінің ана тілі – бенгал тілін елдегі ресми мемлекеттік тілдің бірі ретінде тануын талап еткен шеруге қатысушы студенттерге қарсы қолданылған қатаң жазаға байланысты белгіленді.
Тарихқа тереңірек бойласақ, 1947 жылы Үндістан Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған уақытта әлем картасында екі мемлекет пайда болды: Үндістан мен Пәкістан мемлекеттері. Үндістаннан бөлінген Пәкістан мемлекетінің негізін құраушы халықты діни сенімі біріктіргенімен, олардың мәдениеті мен тіліне, ең бастысы, орналасқан аумағына байланысты өте үлкен айырмашылық бар еді. Үндістанның батысында жатқан аумақтың халқы урду тілінде басым сөйлесе, Шығыс Пәкістанның халқы негізінен бенгал тілінде сөйлейтін еді. Әрі екі Пәкістанның ортасын Үндістанның 1600 шақырымдық аумағы бөліп жатты.
1948 жылы Пәкістан билігі урду тілін ел аумағындағы бірден-бір ресми тіл ретінде бекітті. Үкіметтің бұл шешіміне Шығыс Пәкістан тұрғындары наразы болды. Пәкістан билігі шығыстың бұл наразылығын елемегенімен қоймай, бенгал тілін қолдау акцияларына тыйым салды. Шығыс Пәкістан астанасы Дакка қаласында бенгал тілінің мәртебесі үшін алаңға шыққан студенттер шеруі күшпен таратылып, бірнеше адам қаза болады. Бұл оқиғаның соңы жаппай қарсылыққа ұласып, нәтижесінде 1956 жылы бенгал тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ақыры бенгал тіліндей сөйлейтін Шығыс Пәкістан 1971 жылы Бангладеш атауымен өз тәуелсіздігін алды. Ал жастардың аяусыздықпен өлтірілген күні ел жылнамасына қанды әріптермен жазылып, кейін халықаралық деңгейдегі атаулы күнге айналды.
Әлемде қанша тіл бар?
Австралия ұлттық университетінің (ANU) ғалымдары әлемде екі апта сайын бір тіл жоғалып кететінін анықтады. Бұл мәдени әртүрлілікті айтарлықтай азайтады. Өз зерттеулерінде олар бүгінде дүние жүзінде қолданылатын 7 мың тілдің 40%-дан астамы жойылу қаупінде екенін және болжамдарға сәйкес, 21 ғасырдың соңына қарай олардың саны бес есе азаюы мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Ресей ғылым академиясының Тіл білімі институтының мәліметі бойынша, Ресейде қолданылатын 152 тілдің 138-і жойылу алдында тұр. Солтүстік және Орталық Американың, Батыс Африканың және Солтүстік Австралияның тілдеріне де жойылып кету қаупі төніп тұр.
Ғалымдар бүгінде кеңінен қолданылатын тілдердің де алдағы онжылдықтарда жойылып кетуі мүмкін екенін ескертеді. Олардың жоғалуы тек тілдік жоғалу емес, сонымен бірге ұрпақтар бойы жинақталған білім мен мәдени байлықтан айырылу.
01:54
44
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.