«Баға жетпес қолдау»: Украина елшісі Киевте ас таратқан қазақтарға алғыс айтты
Қазақтар коммуналдық қиындықтар кезінде Киев тұрғындарына палау мен бауырсақ дайындап ұсынды.
Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко қиын кезде украин халқына қолдау көрсеткен қазақтарға шынайы алғысын білдірді. Ол қалада жылу мен электр жарығы болмаған кезде ыстық тамақ дайындап, халыққа үлестірген еріктілерді ерекше атап өтті.
«Украинада соғыс пен қысты өткерген қазақстандықтарға да алғыс айтқым келеді. Қарапайым адамдар халық көп тұратын бірнеше шағын ауданда жиналып, бірнеше қазан асып, жұртқа тамақ таратты. Олардың видеосын өз парақшаларымызда жариялағанбыз.
Олар Киев тұрғындарына палау мен бауырсақ дайындап ұсынды. Мұндай іс – баға жетпес моральдық қолдау. Әрине, қарапайым адамдардың осындай көмегі ұзақ уақыт ұмытылмайды. Бизнес өкілдері де жәрдемдесіп жатыр. Қазақстандық компаниялар адамдар келіп жылынатын, шай не кофе ішіп, палау жеп, телефондарын қуаттай алатын киіз үйлердің жұмыс істеуіне қолдау көрсетті. Мұндай орындар Киевте де, басқа қалаларда да бар», – деді ол қазақстандық журналистермен кездесуде.
Еске салайық, ақпан айының ортасында Киевтегі қазақ диаспорасы мен Қазақстаннан барған белсенділер қала көшелерінің бірінде дала асханасын ұйымдастырғаны хабарланған еді. Қазандардың қасына ұзын-сонар кезек жиналып, киевтіктер қазақ музыкасының сүйемелдеуімен, Қазақстан туы ілінген жерде ыстық тағам мен тәттілер алып жатты.
20:14
25
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.