БАҚ өкілдерін Ақ үйге жолатпаған Трамп бойкотқа ұшырады
АҚШ президенті Дональд Трамптың CNN, MSNOW және Politico журналистерінің Ақ үй аумағында жұмыс істеуіне тыйым салуы үлкен резонанс тудырды.
Шектеудің енгізілу себебі қандай?
Трамп үш басылымның жарияланымдарын сынап, оларды «жалған жаңалық» таратты деп айыптады. Қазір CNN, MSNOW және Politico журналистері бұл шешімге сот арқылы шағымданып жатыр. Ал заңгерлер президенттің мұндай қадамы АҚШ Конституциясына қайшы келуі мүмкін екенін айтады.
Ақ үй басшысы тыйым жайлы 18 қыркүйекте мәлімдеген. Кейін ол мұндай шектеу басқа да басылымдарға қатысты қолданылуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Билік өкілдерінің айтуынша, тілшілер Ақ үй аумағынан тыс жерде жұмысын жалғастыра алады.
Алайда CNN, MSNOW және Politico редакциялары шектеудің шынайы себебі журналистердің жариялаған материалдары деп санайды.
Үш БАҚ Вашингтондағы федералдық сотқа жүгінді. Олар Ақ үйдің шешімі АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуімен қорғалатын журналистік материалдарға байланысты қабылданғанын алға тартты.
Сонымен қатар журналистерге шешім қабылданғанға дейін алдын ала ескертілмегенін және оны даулауға мүмкіндік берілмегенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, Ақ үйге кіруге мүмкіндік беретін тұрақты рұқсатнамалары бұғатталған, ал тілшілерді бұдан былай президент резиденциясының аумағына кіргізбеген.
Заңгерлер не дейді?
Reuters агенттігі сөйлескен сарапшылардың пікірінше, даудың негізгі түйіні – журналистерді Ақ үйге кіргізбеуге қандай себеп негіз болғаны.
Заңгерлердің айтуынша, билік Ақ үйдегі жекелеген бөлмелерге кіруді шектей алады. Бірақ журналистерді президенттің қызметін қаншалықты қолдайтынына немесе оны қалай жариялайтынына қарай іріктеуге болмайды.
Мэриленд университетінің журналистика профессоры Люси Далглиштің пікірінше, егер билік баспасөз өкілдеріне белгілі бір алаңда жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, кейін журналистерді «ұнайды-ұнамайды» деген қағидамен бөліп-жара алмайды.
Телеарналар мен газеттердің наразылығы
Елдегі өзге ақпарат құралдары да Трамптың шешіміне нарызылықтарын білдіріп жатыр. ABC, CBS, NBC және Fox News телеарналары АҚШ президентінің қатысуымен өтетін ресми іс-шараларды бұдан былай көрсетпейтінін мәлімдеді. Олар Трамп Ақ үйге кіруге тыйым салған CNN, MS NOW және Politico басылымын қолдап, осындай шешім қабылдаған.
21 қыркүйекте АҚШ президенті Ақ үйдің Оңтүстік көгалында жаңадан салынған тікұшақ алаңын ашқан. Алайда Трамптың сол жерде сөйлеген сөзі телеарналарда дыбыссыз көрсетілді. Себебі президенттік пулдың аудиожазбасын әдетте журналистер қамтамасыз етеді. Нәтижесінде эфирде президенттің дауысының орнына негізінен тікұшақтың үні естілген.
Кейін бұл бойкотқа The New York Times пен The Washington Post газеттері де қосылды. Олар Дональд Трамп қатысатын ресми іс-шаралардан алынған материалдар мен бейнекадрларды жариялаудан бас тартты.
08:48
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.