Азиада: Тоқсанбаеваны алтыннан айырған аяқ киімде қандай кілтипан бар?
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында жарыстан шеттетілді.
Нәтиже неге жойылды?
Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафонда бірінші болып мәреге жеткенімен, аяқ киіміне қатысты талаптың бұзылуына байланысты нәтижесі есепке алынбады.
Жарыс 27 қыркүйекте өтті. Тоқсанбаева 42,195 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, қарсыластарынан ай қын басым түсті. Алайда оның нәтижесіне наразылық білдіріліп, шағым түскен.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, халықаралық жеңіл атлетика федерациясы – World Athletics спортшының аяқ киімін тексерген. Нәтижесінде оның киген аяқ киімі рұқсат етілген спорттық жабдықтар тізіміне кірмейтіні анықталған. Тараптар мәселені қарағаннан кейін Азиада ұйымдастыру комитеті қазақстандық спортшыны жарыстан шеттетті.
Тоқсанбаева Instagram парақшасында нәтижесінің жойылғанын растады.
– Эмоцияға беріліп кеткенім үшін кешірім сұраймын. Мен еліме алтын медаль сыйлағым келді. Бірақ Жаратқанның жоспарын адам баласы білмейді. Бұл жағдай мені арманымнан бас тартқыза алмайды. Нәтижеміз жойылды. Біз соңына дейін күрестік, – деп жазды спортшы.
Ол өзіне қолдау көрсетіп, соңына дейін күрескен командасы мен жанкүйерлеріне алғыс айтты.
ASICS Magic Speed 4 қандай талапты бұзды?
Ақпарат көздерінің мәліметінше, наразылықты жарыста төртінші орын алған жапониялық спортшының тарапы білдірген. Алайда жарыс ұйымдастырушылары шағымды нақты кім түсіргенін ресми түрде жарияламаған.

Фотосуреттер мен видеоларға қарағанда, қазақстандық спортшы жарысқа ASICS Magic Speed 4 кроссовкасымен шыққан. World Athletics сайтындағы аяқ киімдер тізімін қарап, ASICS бренді бойынша сүзгі қойғанда, Magic Speed топтамасының бірінші, екінші, үшінші және бесінші нұсқаларына тасжолдағы жарыстарда қолдануға рұқсат берілгені көрінеді. Ал төртінші нұсқасы, яғни Тоқсанбаева киген Magic Speed 4 бұл тізімде жоқ.
Демек, ресми тізімге қарап, бұл аяқ киімнің жарыс талабына нақты сәйкес келетін-келмейтінін бірден анықтау қиын.
Мәселенің түпкі себебі кроссовканың табан қалыңдығына байланысты болуы мүмкін. Road Trail Run мәліметінше, Magic Speed 4 аяқ киімінің өкше тұсындағы биіктігі 43,5 миллиметрге жетеді. Басқа деректе бұл көрсеткіш 42,5 миллиметр деп көрсетілген. Ал World Athletics талаптарында табан биіктігіне қойылатын шек – 40 миллиметр.
Оған қоса Magic Speed 3 моделіне қарағанда табаны 7,5 миллиметрге қалыңдаған. Яғни ASICS-тің алдыңғы нұсқасы белгіленген талапқа сай келгенімен, төртінші нұсқасы қалың аралық табанына байланысты ресми жарыстарда қолдануға жарамсыз болуы мүмкін.
ASICS бұл модельді бастапқыда жаттығуға арналған аяқ киім ретінде ұсынған. Ол көміртекті пластина мен барынша жоғары амортизацияны біріктіретін «супертренерлер» санатына жатады.
Аяқ киімге шектеу қашан енгізілді?
Жарыс аяқ киімдерін арнайы тізім бойынша тексеру жүйесі 2020 жылы енгізілді. Сол кезде Nike компаниясының қалың көбікті табаны мен көміртекті пластинасы бар прототиптерімен бірқатар рекорд орнатылғаннан кейін World Athletics спорттық аяқ киімнің құрылымына шектеу қойды.
Содан бері төрешілер спортшы киген аяқ киім үлгісінің ресми тізімде бар-жоғын тексереді. Егер модель тіркелмеген болса, оның жарыс нәтижесі аяқ киімнің спортшыға нақты қаншалықты артықшылық бергеніне қарамастан жарамсыз деп танылады.

Алтын Қытайға бұйырды
Қазақстандық спортшы жарыстан шеттетілгеннен кейін алтын медаль Қытай өкілі Даньцзин Цюйцзунға берілді. Күміс жүлдені оның отандасы Ли Ма, қола жүлдені жапониялық Юкико Умэно иеленді.
Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынында енді тоғыз алтын медаль бар. Жалпы командалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.
фото: Арлан Олжабай
09:07
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.