Азиада: Қазақстан құрамасы алғашқы күні қандай нәтиже көрсетті
Қазақстан құрамасы Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының алғашқы күнін төрт алтын және екі қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға көтерілді.
Алғашқы жеңістер
Алғашқы алтындарды велошабандоздар Алексей Луценко мен Рината Сұлтанова, сондай-ақ каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева жеңіп алды.
Ал триатлоннан сынға түскен қазақстандық спортшы Арлан Жаңабай қола жүлде иеленді. Ол ерлер арасындағы жекелей сында 53:11 нәтижесімен үшінші орын алды.
Қазіргі бессайыстан командалық есепте Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов қола жүлдеге ие болды.
Айти мен Нагояда Қазақстан атынан барлығы 558 спортшы бақ сынап жатыр. Ел құрамасының алдына 99 медаль жеңіп алу міндеті қойылған. Бірақ құраманың өнерін тек жалпы медаль санымен бағалау жеткіліксіз екенін Ханчжоудағы Азиада көрсеткен.
Қазақстан құрамасы 2023 жылы Қытайда өткен Азиадада 80 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 10 алтын, 22 күміс және 48 қола болды. Бұл көрсеткіш Қазақстанды жалпыкомандалық есепте 11-орынға шығарды.
Медаль есебінде ең алдымен алтын саны ескерілетіндіктен, жалпы жүлде саны көп болғанымен, Қазақстан алғашқы ондыққа кіре алмады. Ал Қытай 201 алтынмен көш бастады, Жапония 52 алтынмен екінші, Оңтүстік Корея 42 алтынмен үшінші орын алды.
Сондықтан биылғы Азиадада Қазақстан үшін негізгі мәселенің бірі – медаль санын көбейту ғана емес, финалға жетіп, алтынға қол жеткізетін спортшылардың үлесін арттыру.
Негізгі үміт қай спорт түрлеріне артылып отыр?
Қазақстандық жанкүйерлер дәстүрлі түрде бокс, күрес, дзюдо және енді ММА сияқты жекпе-жек спорттарына ерекше назар аударады. Жеңіл атлетика, жүзу және оқ ату түрлерінен де жүлде күтіледі.
Командалық спорт түрлерінің нәтижесі де маңызды. Гандбол, волейбол, жағажай волейболы, баскетбол және су добы жеке спорт түрлеріндей назарға іліге бермейді. Алайда Азиада олардың құрлықтағы мықты қарсыластар арасындағы деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар дзюдоға айрықша назар аударылады. Себебі жарыс осы спорт түрінің отаны Жапонияда өтіп жатыр. Қазақстан құрамасын Олимпиада чемпионы Елдос Сметов бастап барғандықтан мамандар кемі бір алтын аламыз деген сенімде.
Айта кетейік, Азиада тарихында Қазақстан небәрі екі алтынға қол жеткізді: 2014 жылы Сметов, 2018 жылы Дидар Хамза чемпион атанды.
фото: ҚР ХОК
11:28
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.