Қазақстандықтарға WhatsApp-тағы жазбаларға қатысты қатаң ескерту жасалды

Қазақстанда азаматтардың өздері туралы көпшілік алдында пікір білдірген адамдарды сот арқылы жауапқа тартуы жиіледі.


30/09/2026
10:21 0

Фотоны рұқсатсыз жариялаудың салдары қандай?

 

Жоғарғы соттың мәліметінше, соттар ар-намысқа тиетін жарияланымдарды өшіруді, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты теріске шығаруды және адамның фотосын оның келісімінсіз жариялағаны үшін моральдық зиянды өтеуді міндеттейді.

 

Сот екі істі мысал ретінде келтірді.

 «Өскемен тұрғыны Instagram желісінен өзіне қатысты жағымсыз жазбаларды байқап қалған. Екі қолданушы оның суретін балағат сөздермен бірге жариялап, жазбаларында әйелдің әдепсіз әрекетке барғанын және «клиенттермен арам пиғылмен ақша жымқырғанын» меңзеген», – деп хабарлады сот.

 Жазба авторлары сотта өз әрекетін мұны «жеке пікірі» ретінде жариялағанымен түсіндіруге тырысқан. Алайда сот олардың бұл уәжімен келіспеді.

 «Белгілі бір адамға қатысты эмоцияға құрылған айыптаулар дәлелмен расталуы тиіс тұжырым болып саналады. Жауапкерлер мұндай дәлел ұсынбаған. Сонымен қатар адамның фотосын оның келісімінсіз жариялау да құқықтық салдарға әкеп соққан», – деп түсіндірді сот.

 Сот нәтижесінде жауапкерлер жарияланымдарды өшіріп, теріске шығару мәтінін жариялауға міндеттелді. Әрқайсысынан моральдық зиян үшін 300 мың теңгеден, сондай-ақ сот шығындары өндірілді.

 

Скриншоттар электронды дәлел бола алады

 

Осыған ұқсас тағы бір іс Астана қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотынан аумақтық соттылық бойынша Жамбыл облысының Шу аудандық сотына қарауға жолданған. Іс онлайн форматта қаралды.

 «Астана тұрғыны тұрғындар жиналысына қатысқан. Арада көп уақыт өтпей, өзінің суретін WhatsApp-тағы екі чаттан көрген. Бұл чаттардың әрқайсысында шамамен 1,5 мың адам болған. Сот мессенджердегі скриншоттарды электрондық дәлел ретінде таныды. Ал адамның фотосын оның келісімінсіз көпшілік аудиториясы бар чатта жариялауды оның құқықтарын бұзу деп бағалады», – делінген хабарламада.

 Алайда сот чаттағы хабарламаларды өшіру туралы талапты қанағаттандырмады. Себебі белгілі бір уақыт өткеннен кейін оларды техникалық тұрғыдан өшіру мүмкін болмаған.

 

 Нәтижесінде талапкердің пайдасына екі көршісінен моральдық зиян үшін 20 мың теңгеден өндірілді.

  «Осылайша, әлеуметтік желідегі жеке пікір адамның атына нақты айып тағылған жағдайда жауапкершіліктен босатпайды. Егер мұндай айыптаулар нақты деректермен расталмаса, оларды жариялаған адам сотта айтқанының шындыққа сай екенін дәлелдеуге дайын болуы керек. Сондай-ақ әр адамның өз бейнесіне қатысты құқығы бар екенін ұмытпаған жөн. Адамның келісімінсіз оның фотосын жариялау, соның ішінде топтық чаттарда немесе стористе орналастыру да құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін», – деп ескертті Жоғарғы сот.

 

Сот тәжірибесі мұндай дауларды қарау кезінде хат алмасу скриншоттары мен экраннан түсірілген суреттердің электрондық дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін екенін де көрсетіп отыр.

Поделиться

Нет комментариев.

30/09/2026 10:21
0

Уведомление