Қазақстандық оқушыларға мектепте амандасу әдебін үйрету ұсынылды

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Masa.media.


10/09/2026
12:18 0

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

 

Бұл туралы депутат Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында айтты.

 

Сайыровтың пікірінше, ұлттық мәдениет тек концерт, театр, музеймен шектелмейді. Ол адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан және қоғамдағы әдеп нормаларынан да көрінуі керек.

 «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты міндет халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұраны» сақтау деп атап өтті. Мемлекет Басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту мәселесін көтеруі де осы саясаттың нақты көрінісі. Ел үшін мәдениет – концерт, театр немесе музеймен ғана шектелмейді. Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан, қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты. Осы тұрғыда амандасу мәдениеті – ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементінің бірі», - деді депутат.

 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ АМАНДАСУ ЖҮЙЕСІ

 

Оның айтуынша, қазақ қоғамында амандасудың қалыптасқан өзіндік жүйесі болған. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр.

«Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады. Сондықтан бұл мәселені бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынамыз», - деді ол.

 Осыған байланысты ол амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың әдістемелік ұсынымдарын әзірлеуді ұсынды.

«Мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді және сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және мектептің күнделікті мәдени ортасы арқылы амандасу әдебін орнықтыру тетіктерін қарастыруды ұсынамыз», - деді ол.

 Сонымен бірге, Ерлан Сайыров мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұрады.

 

ТОҚАЕВТЫҢ ЕСКЕРТУІ

 

Еске салайық, бұдан бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды амандасқан кезде құшақтасып, сүйісуден бас тартып, дәстүрлі әдепке оралуға шақырған.

 

Мемлекет басшысы ер адамдардың бір-бірімен, сондай-ақ ерлер мен әйелдердің өзара құшақтасып, сүйісіп амандасуын сынға алды. Президенттің пікірінше, мұндай әрекет қазақтың дәстүрлі амандасу әдебіне жатпайды.

«Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйе бастағаны, әйелдердің ер адамдарды, ер адамдардың әйелдерді сүйгені жөн емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болған емес. Оның үстіне әскери формадағы адамдар, генералдар бір-бірін құшақтай бастады. Бұл не сонда?» – деді Тоқаев.

 

Фото: baribar.kz

Поделиться

Нет комментариев.

10/09/2026 12:18
0

Уведомление