Қазақстандық балалар интернетті 5-8 жаста пайдалана бастайды – ЮНИСЕФ
ЮНИСЕФ Қазақстанда мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балалардың интернет пен ЖИ-ді белсенді қолдануына алаңдаулы.
Зерттеу нәтижесі
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Эльвира Яушева Astana Media Week форумында елімізде балалардың интернетті пайдалануына қатысты зерттеу деректерін бөлісті.
Эльвира Яушева ЮНИСЕФ-тің бейінді мемлекеттік органмен бірлесіп, 2020 жылы жүргізген Kazakhstan Kids Online зерттеуінің нәтижелеріне тоқталды. Зерттеу барысында балалардың бір бөлігі интернетті мектеп тапсырмаларын орындау үшін күн сайын пайдаланатыны анықталған.
«9 бен 17 жас аралығындағы балалардың 46 пайызы интернетті алғаш рет 5-8 жасында қолдана бастағанын айтты», – деді Эльвира Яушева.
Балалардың ЖИ пайдалануы
Яушеваның айтуынша, балалар жасанды интеллект құралдарын да барған сайын жиі қолдана бастаған. Ол Ұлыбританияда көптеген жасөспірімнің мұндай технологияларды пайдаланатынын, ал Аргентинада оқушылар чат-боттарға өздерін қызықтырған сұрақтарды қоятынын мысалға келтірді.
Цифрлық технологиялар балалардың білім алуына, өз ойын еркін жеткізуіне және достарымен қарым-қатынас орнатуына көмектеседі. Әсіресе жасанды интеллект оқу материалдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Жасанды интеллект балалардың мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа жолдар ашуы мүмкін. Мысалы, ол оқу материалдарын ұсынып, білім алуды шынымен қызықты ете алады», – деді ЮНИСЕФ өкілі.
Сонымен қатар балаларды цифрлық ортадағы қауіп-қатерден қорғау қажет. Яушеваның пікірінше, балаларға жасына сай әрі көруге рұқсат етілген мазмұн ғана қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды.
12:57
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.