Қазақстандағы сауда-саттық: халық нені жиі тұтынады
Өткен жылы Қазақстанда ішкі сауда көлемі артқанымен, оның өсу қарқыны 2024 жылмен салыстырғанда баяулаған.
Негізгі салмақ – көтерме саудада
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, былтыр ішкі сауда 8,9%-ға өсті. Бұл 2024 жылғы 9,1%-дық өсімнен төмен көрсеткіш.
Сарапшылар нарық өсуді жалғастырғанымен, серпіні әлсірей түскенін айтады. Бұл үрдіс әсіресе бөлшек саудада айқынырақ байқалды.
Сауда саласының негізгі салмағы бұрынғыдай көтерме саудаға тиесілі. 2025 жылы көтерме сауда көлемі 9,5%-ға өскен. Ал бөлшек саудадағы өсім 7,5%-бен шектелді. Сөйтіп, жалпы сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі 66,6%-ға жетсе, бөлшек сауда 32,9%-ды құрады.
Көтерме сауда айналымы бір жылда 53,5 трлн теңгеден асып түсті. Бұл сегментте азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық өнімдер басым: олардың үлесі 82%-дан асады.
Базардағы сауда қызды
Бөлшек саудада өсім бар болғанымен, қарқыны бәсең. 2025 жылы бөлшек сауда көлемі 26,4 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артты. Ірі сауда кәсіпорындарындағы өсім 5,9% болса, жеке кәсіпкерлердің, соның ішінде базарларда сауда жасайтындардың айналымы 10,3%-ға артты.
Меншік құрылымында жеке кәсіпорындардың басымдығы сақталды: бөлшек сауда көлемінің 90%-дан астамы солардың үлесінде. Шетелдік меншік нысанындағы кәсіпорындардың үлесі шамамен 10%-ды құрады.
Халық нені жиі сатып алады?
2026 жылдың басына қарай бөлшек сауда кәсіпорындарындағы тауар қоры 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл саудадағы қордың орта есеппен 52 күнге жететінін көрсетеді.
Тауар құрылымына келсек, қазақстандықтардың тұтыну себетінде азық-түлік емес тауарлар басым. Олардың үлесі 66,9%, ал азық-түлік тауарлары 33,1% болды. Бір жыл ішінде азық-түлік тауарларының сатылымы 7,8%-ға, азық-түлік емес тауарлар 7,3%-ға өсті.
Саланы өрістетіп отырған қай қала?
Сауда статистикасының ең қызық тұсы – саланың бар ауыртпалығы негізінен бір-ақ қалаға түседі. Көтерме сауда көлемінің 36,2%-ы, бөлшек сауданың 33,7%-ы Алматыға тиесілі. Екінші орында тұрған Астананың үлесі – 16,4% және 14,3%.
Өзге аймақтар үлесі болмашы ғана. Ірі кәсіпорындары бар Атырау және Қарағанды облыстары көтерме сауда бойынша салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіштер көрсетсе, ең төменгі көрсеткіштер – Ұлытау және Қызылорда облыстарында. Бөлшек сауда бойынша, Қарағанды облысы мен ШҚО көш бастап тұр.
13:04
36
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.