Қазақстандағы 500-ден аса нысан «Жер сағаты» акциясына қатысады
Акцияға дүние жүзінің 2 миллиардтан астам тұрғыны қатысады.
28 наурызда еліміз жаһандық экологиялық бастама – «Жер сағаты» акциясына қосылады. Жергілікті уақыт бойынша 20:30–21:30 аралығында өтетін бұл халықаралық шара биыл елдегі экотуризмді дамыту тақырыбына арналады.
Дәл сағат 20:30-да ел бойынша үйлерде, кеңселерде және көшелерде жарық бір сағатқа сөндіріледі.
«Жер сағаты» — Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) бастамасымен жыл сайын өткізілетін халықаралық экологиялық акция. Осы уақытта қор әлем тұрғындарын табиғатқа жанашырлық танытып, бір сағатқа жарық пен тұрмыстық электр құрылғыларын өшіруге шақырады. Сонымен қатар дүниежүзіндегі ең танымал ғимараттар мен ескерткіштердің сыртқы жарығы да сөндіріледі.
Жер шарындағы ең ауқымды экологиялық акцияға әлем бойынша 2 миллиардтан астам адам қатысып, 180 елдің 7000-нан аса қаласы қолдау білдіреді. 2026 жылы бұл шара халықаралық деңгейде 19-рет, ал Қазақстанда 17-рет өтеді.
Жыл сайын акция кезінде елдегі бірқатар нысандардың жарығы символдық түрде сөндіріледі. Астанада шараға қатысушы нысандар:
Бәйтерек монументі
Астана Опера
Әзірет Сұлтан мешіті
Тәуелсіздік сарайы
Астана Арена
Алау мұз сарайы
Экология министрлігінің мәліметінше, биыл елдің барлық өңірі акцияға қосылады. Республика бойынша 508 нысанның жарығы сөндірілмек.
Акцияға кез келген қазақстандық қатыса алады. Ол үшін 28 наурыз күні сағат 20:30-да жарық пен электр құрылғыларын бір сағатқа өшіру қажет.
14:34
45
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.