Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгереді
Елімізде жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібіне өзгерістер енгізілмек. Енді теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмағандар келесі талпыныстары үшін ақы төлеуге мәжбүр болады.
Емтиханды төртінші рет қайта тапсыру ақылы болады
Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу емтихандарын өткізу қағидаларына өзгерістер енгізетін түзетулер әзірледі.
Егер үміткер емтиханнан бірінші рет өте алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екінші рет те сәтсіздікке ұшыраса, дайындалуына 10 күнтізбелік күн беріледі. Ал үш рет теріс нәтиже алғаннан кейін тиісті емтиханды қайта тапсыру ақылы болады.
«Мақсатымыз - мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдетіп, жеделдету. Артық рәсімдер алынып тасталады», - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.
Теориялық емтиханды қайта тапсырудың қажеті жоқ
Жаңа ережелерге сәйкес, үміткер теориялық емтиханнан сәтті өтіп, практикалық сынақтан өте алмаса, теориялық емтиханның нәтижесі күшін жоймайды. Яғни теориядан қайта тапсырудың қажеті болмайды.
Бұдан бөлек, шетелдік жүргізуші куәлігін қазақстандық куәлікке айырбастау үшін теориялық емтиханды сәтті тапсыру қажет болады. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі құжаттың түпнұсқалығын шет мемлекеттің құзырлы органынан ресми түрде растауы тиіс.
Түзетулер көлік құралының конструкциясы өзгертілгеннен кейінгі рәсімді де жеңілдетуді көздейді. Енді көлікті бөлек тексеруден өткізудің орнына, енгізілген өзгерістердің қауіпсіз екенін растайтын құжат ұсыну жеткілікті болады.
Жаңа ережелердің нақты қай күннен бастап күшіне енетіні әзірге белгісіз.
12:16
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.