Қазақстанда отбасы күні аталып өтуде
13 қыркүйек – Отбасы күні. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, отбасының ұлт болмысын қалыптастырудағы және қоғам мен мемлекетті дамытудағы айрықша рөліне тоқталды.
ТӨЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН МӘДЕНИ ДІҢГЕК
Президент бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасаудың ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
«Отбасы – ұлттың бірегей болмысын айқындайтын және мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін айрықша маңызды институт. Әр азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады. Ана жүрегінің жылуы мен әкенің өрісті өнегесі әр адамды биік мақсаттарға жетелейді. Үлкендердің даналығы мен парасат-пайымы жастарға өмірлік бағдар болады, жанашыр жандардың қолдауы әрдайым күш-қуат береді. Осылайша, біз салт-дәстүріміз бен төл құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың мәдени діңгегін және рухани тұтастығын нығайтып келеміз», - деді Тоқаев.
НЕКЕ ЖӘНЕ ОТБАСЫ МЕМЛЕКЕТ ҚОРҒАУЫНДА
Мемлекет басшысы 1 шілде күні заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында болатынын баса айтты.
«Конституцияда балалардың құқығын, әйел мен ананың отбасындағы рөлін күшейтуге баса назар аударылды. Тұңғыш рет «неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма көрініс тапты. Сондай-ақ биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылды», - делінген құттықтауда.
Президент Отанға деген сүйіспеншілік сезімі, сондай-ақ заң мен тәртіпке бағынудың, табиғатты аялаудың, қоғамдық орындарда тазалықты сақтаудың, жас буынның бойына халқымыздың озық дәстүрлерін сіңірудің ерекше мән-маңызы, ең алдымен, отбасындағы тәлім-тәрбие арқылы дәріптелетінін еске салды.
«Бәріміз осы ортақ міндетке күш жұмылдырсақ, қоғамда өркениетті елдерге тән жаңа этика қалыптастырамыз. Біз жасампаз ұлт ретінде тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басып, мақсат-міндеттерімізге қол жеткіземіз. Осылайша, әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін», - деп түйіндеді ол.
09:34
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.