Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр
29 қарашада Қазақстанда мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтіп жатыр.
Сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылды. Ел бойынша 10 237 учаске жұмыс істеп жатыр. Тағы 101 учаске дауыс беруді бір сағат бұрын бастаған.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 12 679 459 азамат енгізілген. Жалпы 228 мәслихатқа, соның ішінде облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға 3 447 депутат сайлануға тиіс.
Депутаттық мандатқа 10 971 кандидат үміткер. Саяси партиялар 1 219 адамды қамтыған 99 партиялық тізім ұсынды. Ал 9 752 кандидат бірмандатты сайлау округтері бойынша додаға түсіп жатыр.
Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша елдегі сайлаушылардың 12,31%-ы дауыс берген. Ең жоғары белсенділік Ақтөбе облысында тіркелді. Мұнда сайлаушылардың 16,49%-ы таңдау жасаған. Ең төмен көрсеткіш Алматыда байқалды – 6,41%. Астанада осы уақытқа дейін сайлаушылардың 9,93%-ы дауыс берді.
Сайлау барысын аккредиттеуден өткен 258 қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйымның өкілдері бақылап отыр. Дауыс беру аяқталғаннан кейін аумақтық сайлау комиссиялары бес күн ішінде сайлау қорытындысын шығаруға тиіс.
09:18
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.