Қазақстанда клининг мамандығы бойынша диплом берілуі мүмкін
Қазақстан колледждерінде клининг, яғни кәсіби тазалық қызметі бойынша ресми түрде маман даярлау қолға алынуы мүмкін.
Бұл туралы Мәжіліс депутатының сауалына берген жауабында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда қызмет көрсету саласы қарқынды дамып келеді. Соған байланысты тазалық жұмыстарын кәсіби деңгейде атқаратын білікті мамандарды іздеу және даярлау мәселесі өзекті болып отыр. Алайда ол еңбек нарығына қандай мамандар қажет екенін қысқа, орта және ұзақ мерзімге қарай Еңбек министрлігі айқындайтынын еске салды.
«Егер клининг саласына мамандар қажет екені анықталса, тиісті кадрларды даярлау мәселесі қосымша пысықталады», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің басшысы клининг мамандарын даярлау қажеттігін еңбек нарығындағы жалпы сұраныспен ғана негіздеуге болмайтынын атап өтті. Бұл ретте жұмыс берушілердің нақты сұранысы ескерілуі керек. Атап айтқанда, клининг саласында қандай біліктіліктер қажет екені, қанша маман керектігі және олардың өңірлер бойынша қалай бөлінетіні назарға алынуға тиіс.
«Егер мүдделі орталық мемлекеттік органдардан, салалық қауымдастықтардан немесе жұмыс берушілерден клининг саласына қатысты жаңа мамандықты не біліктілікті жіктеуішке енгізу жөнінде ұсыныстар түссе, олар белгіленген тәртіппен қаралады», – деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.
15:10
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.