Қазақстанда баспана саудасы азайды: қай өңірлерде сұраныс кеміді

Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы белсенділік қатарынан екінші ай төмендеді. 


14/09/2026
11:32 0

Тамызда 35,8 мың мәміле жасалды

 

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, шілдеде Қазақстанда тұрғын үй бойынша 37 158 сатып алу-сату мәмілесі тіркелген еді. Тамыз айында бұл көрсеткіш 35 807-ге дейін азайды.

 

Тұрғын үй ең көп сатылған өңірлер қатарында Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда бір айда 7 690 мәміле жасалған. Бұл елдегі жалпы көрсеткіштің 21,5%-ына тең.

 

Екінші орында Астана орналасқан. Елордада 6 398 мәміле тіркеліп, жалпы нарықтағы үлесі 17,9% болды. Үшінші орында – 2 825 мәмілемен Қарағанды облысы.

 

Ал тұрғын үй саудасының ең төмен көлемі Ұлытау облысында тіркелді. Өңірде тамыз айында бар болғаны 277 мәміле жасалған. Алматыда мәміле саны артса, Алматы облысында керісінше төмендеді.

 

Шілде айымен салыстырғанда тұрғын үй нарығындағы ең жоғары өсім Алматы қаласында байқалды. Мұнда мәмілелер саны 5,9%-ға көбейген. Қостанай облысында өсім 5,5%, Қарағанды облысында 5,1% болды.

 

Ал бір айдағы ең үлкен құлдырау Алматы облысында тіркелді. Өңірде тұрғын үй бойынша мәмілелер саны 21,1%-ға азайған.

 

Елордадағы нарық белсенділігі де әлсіреді. Тамызда Астанада 6 398 мәміле жасалып, шілдемен салыстырғанда 8,6%-ға азайған. Шымкентте 1 791 мәміле тіркелді, бұл алдыңғы айдан 1,6%-ға төмен.

 

Бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс көбейген

 

Тамыздағы мәмілелердің басым бөлігі көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлерге тиесілі. Бір айда мұндай 27 719 мәміле жасалған. Яғни жалпы тұрғын үй саудасының 77,4%-ын пәтерлер құрады.

 

Пәтер саудасының ең үлкен үлесі Алматыға тиесілі – 26%. Астананың үлесі 22,6%, Қарағанды облысының үлесі 8,4% болды.

 

Пәтерлерді бөлме саны бойынша қарағанда, ең көп мәміле бір бөлмелі баспаналарға қатысты жасалған. Тамызда олардың саны 10 806 болды.

 

Екі бөлмелі пәтерлер бойынша 10 296 мәміле, ал үш бөлмелі пәтерлер бойынша 5 425 мәміле тіркелді.

 

Жалпы көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасы бір айда 3%-ға, яғни 856 мәмілеге қысқарған.

 

Жеке үйлерге сұраныс азайды

 

Жеке тұрғын үй сегментінде де нарық белсенділігі азайған. Тамызда Қазақстан бойынша 8 088 жеке үй сатылды. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 495 мәмілеге немесе 5,8%-ға төмен.

 

Дегенмен кейбір өңірлерде жеке үйлер бойынша мәмілелер керісінше көбейген. Қызылорда облысында өсім 7,8%-ды құраса, Қарағанды облысында 6,3%, Жетісу облысында 2,7% болды.

 

Жеке үйлер саудасының ең үлкен төмендеуі Шығыс Қазақстан облысында байқалды – 15%.

 

Алматы қаласында бұл көрсеткіш 14,6%-ға, Ақтөбе облысында 12,3%-ға қысқарған.

 

Бір жылда тұрғын үй саудасы 13,5%-ға азайды

 

Тұрғын үй нарығындағы бәсеңдеу жылдық салыстырудан да көрінеді. 2025 жылғы тамызда Қазақстанда 41 380 тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі тіркелсе, 2026 жылғы тамызда олардың саны 35 807 болды.

 

Осылайша, бір жыл ішінде мәмілелер көлемі 13,5%-ға қысқарған.

 

Өңірлер арасында жылдық өсім бойынша Түркістан облысы алда тұр. Мұнда тұрғын үй мәмілелерінің саны 9,8%-ға артқан.

 

Ал ең айтарлықтай төмендеу Астанада тіркелді. Елордада биылғы тамыздағы мәмілелер саны 2025 жылғы осы аймен салыстырғанда 32,3%-ға азайған.

 

Жалпы 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда жасалған тұрғын үй мәмілелері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға кеміді.

Поделиться

Нет комментариев.

14/09/2026 11:32
0

Уведомление