Қазақстанда балалы әйелдерге арналған қызғылт автобус енгізу ұсынылды

Бастама әлеуметтік желіде көтерілді.


13/11/2026
12:18 0

Шымкентте жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар аналарға арнап жеке автобустар қатынасын ұйымдастыру ұсынылды. Қызғылт түсті автобустар шығару туралы бастама әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Алайда Otyrar.kz басылымының жазуынша, Шымкент, Алматы және Астана әкімдіктері бұл ұсынысты қолдамады. 

 

Ұсыныс авторының пікірінше, жүкті әйелдер мен кішкентай баласын арбамен алып жүретін аналарға арналған жеке қоғамдық көлік қатынасын енгізу жол жүруді жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттырар еді. Тіпті автобустардың қызғылт түсті болғанын қалаған. Жазба 300 мыңнан астам қаралым жинаған.

 

Қала тұрғындарының пікірі екіге жарылды. Бірі бұл бастаманы қолдап, әсіресе қарбалас уақытта автобустың лық толатынын, мұндай жағдайда кішкентай баласы бар аналарға қатынау қиын екенін айтты.

 «Меніңше, мұндай автобустар болғаны дұрыс, тіпті қажет. Өйткені қоғамдық көліктегі кептеліс пен иін тірескен халықтың арасында баламен жүру өте қиын», – деді Шымкент тұрғындарының бірі.

 Ал енді бірі мұндай шешімнің қаншалықты тиімді болатынына күмән келтірді. Олардың пікірінше, кей бағыттарда арнайы автобустар бос жүруі мүмкін, ал жолаушы көп бағыттарда керісінше, мұндай көлік жетіспей қалуы ықтимал.

 

Бұл бастамаға елдегі үш ірі қаланың әкімдігі пікір білдірді. Астана әкімдігінің мәліметінше, қолданыстағы автобус бағыттары жынысына қарамастан барлық жолаушыға арналған. Сондықтан әйелдерге арнайы автобус шығару мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Алматы әкімдігі де осындай ұстаным білдірді.

 

Шымкент билігі де ұсынысты қолдамады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арнайы бағыттар ұйымдастырудың бірқатар қиындығын атады.

 «Қосымша автобустар шығару жолдардағы көлік жүктемесін арттырып, кептеліске әкелуі мүмкін. Бұған қоса, жеке бағыт ашылған жағдайда барлық аялдаманы қамту да қиындық туғызады», – деп хабарлады басқарма.

Қазақстанда жолаушыларды жынысына қарай бөлек тасымалдау тәжірибесі бар. Мәселен, теміржолда әйелдерге арналған арнайы вагондар қарастырылған. Алайда мұндай тәжірибені қалалық автобус қатынасына енгізу оңай емес. Ол үшін жолаушылар ағынын, бағыттардың сұранысын және көлік инфрақұрылымының мүмкіндігін ескеру қажет.

Поделиться

Нет комментариев.

13/11/2026 12:18
0

Уведомление