Қазақстанда 40 жастан соң тұрмыс құратын әйелдер үлесі артты
Қазақстанда 40 жастан асқан әйелдердің алғаш рет некеге тұрып, бала туу көрсеткіші артып келеді.
Ресми статистика
2025 жылы 40 жастан асқан 5 мыңға жуық қазақстандық әйел алғаш рет некеге тұрған. Ал осы жастағы әйелдер 16 мыңнан астам сәби дүниеге әкелген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімет келтіреді.
2025 жылы 40 жастан асқан 4,9 мың әйел алғаш рет некесін тіркеген. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,7%-ға өскен. Ал алғаш рет тұрмыс құрған әйелдердің жалпы санындағы олардың үлесі 4%-дан 5,5%-ға дейін артқан.
Finprom сарапшыларының жазуынша, 40 жастан кейін алғаш рет тұрмыс құрғандардың басым бөлігі 40–49 жас аралығындағы әйелдер — 3,6 мың адам. Тағы 1,1 мың қазақстандық әйел 50 жастан асқаннан кейін алғаш рет некеге тұрған. Сонымен қатар жыл сайын зейнет жасындағы шамамен 200–300 әйел алғашқы некесін қияды.
Ерлер де үйленуде асықпайтын болған
Осындай үрдіс ер адамдар арасында да байқалады. Алғаш рет некеге тұрған ерлердің ішінде жасы 40-тан асқандардың үлесі 2021 жылғы 5%-дан 2025 жылы 5,9%-ға дейін өскен.
Алайда олардың нақты саны керісінше азайған: 2021 жылы 5,7 мың болса, былтыр 5,3 мың адамды құраған. Бұл — 7,3%-ға төмен көрсеткіш.
Қазір Қазақстанда алғашқы некеге тұратын ерлердің орташа жасы шамамен 28 жасты, әйелдердікі 25,2–25,3 жасты құрайды.
Сонымен қатар алғашқы некенің бұзылатын жасы да өзгерген. 2021 жылы ер адамдар орта есеппен 38,8 жасында, әйелдер 37,3 жасында ажырасқан. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіштер тиісінше 36,2 және 34 жасқа дейін төмендеген.
Ажырасқан әйелдер қайтадан жиі тұрмыс құра бастаған
2025 жылы бұған дейін некеде болған 40 жастан асқан шамамен 10,6 мың ер адам қайтадан некесін тіркеген. Оның 6,6 мыңы 40–49 жас аралығында.
Әйелдер арасындағы өсім айқынырақ байқалады. 40 жастан асқан ажырасқан әйелдердің қайта некеге тұру көрсеткіші 2021 жылғы 6,6 мыңнан 2025 жылы 7,5 мыңға дейін өскен. Бұл — 14,5%-ға артық.
Әсіресе 40–49 жастағы әйелдер арасында қайта некеге тұру көрсеткіші артқан: 2021 жылы 4,3 мың болса, 2025 жылы 5,1 мыңға жеткен.
40 жастан кейін кімдер ана атанады?
Бірінші некемен қатар бала туу жасы да кейінге шегеріліп келеді. Әйелдердің бала дүниеге әкелген кездегі орташа жасы 2021 жылғы 29,4 жастан 2025 жылы 29,9 жасқа дейін өскен. Қалаларда бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 30 жастан асады.
2025 жылы 40 жастан асқан әйелдер 16,3 мың бала дүниеге әкелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп. Ал 50 жастан асқан әйелдер 148 баланы дүниеге әкелген.
40 жастан асқан әйелдер туған балалардың жалпы жаңа туған нәрестелер арасындағы үлесі төрт жыл ішінде 3,6%-дан 4,9%-ға дейін өскен.
Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын 40 жастан асқан әйелдерден шамамен 1,3–1,5 мың тұңғыш сәби дүниеге келеді. Бұл жастағы әйелдердің балаларының басым бөлігі — екінші және одан кейінгі перзенттері. 2025 жылы олардың саны 14,4 мың болған.
Қай өңірлерде көрсеткіш жоғары?
Сонымен бірге 40–44 жастағы әйелдердің бала туу коэффициенті жалпы ел бойынша төмендеген. 2021 жылы әр мың әйелге шаққанда 24,5 баладан келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,4-ке дейін түскен.
Ал 45–49 жас аралығындағы әйелдер арасында керісінше өсім байқалады: әр мың әйелге шаққандағы көрсеткіш 1,4-тен 1,9-ға дейін артқан.
Өңірлер арасында да айтарлықтай айырмашылық бар. 2025 жылы 40–44 жастағы әйелдердің бала туу коэффициенті ең төмен өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы (10,7), Қостанай облысы (12,2) және Ақмола облысы (16,1) болды.
Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында — 32,9, Маңғыстау облысында 31,6 баланы құрады.
11:24
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.