Қазақстанға келетін шетелдіктерге электронды рұқсат алу міндеттеледі

2027 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанға келетін шетелдіктер электронды рұқсат алуға міндетті болады. Мұндай құжаты жоқ адамдардың елге кіруіне рұқсат берілмейді.


14/10/2026
13:07 0

Электронды рұқсатты қалай алуға болады?

 

Қазақстан үкіметінің 2026 жылғы 10 қазандағы қаулысына сәйкес, Қазақстанға кіруге арналған электронды рұқсат енгізіледі. Оны цифрлық платформа арқылы ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісе отырып, тегін рәсімдейді.

 

Өтінішті елге жоспарланған сапардан кемінде 72 сағат бұрын беру қажет. Электронды рұқсат 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады.

 

Жаңа талап кімдерге қатысты?

 

Электронды рұқсатты Қазақстанға визасыз кіре алатын елдердің азаматтары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары және Қазақстанмен визасыз режим туралы екіжақты келісім жасасқан елдердің азаматтары алуға тиіс.

 

Сонымен бірге кейбір азаматтар үшін бұл талаптан босататын ерекшеліктер қарастырылған.

 

Жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. 2027 жылғы 1 шілдеден бастап электронды рұқсаттың болуы міндетті талапқа айналады. Құжаты жоқ шетелдіктердің Қазақстанға кіруіне рұқсат берілмейді.

 

Тағы қандай өзгерістер бар?

 

Қаулымен шетелдіктердің Қазақстанға келуі, елде болуы, елден шығуы және көші-қон бақылауын жүзеге асыру тәртібі де жаңартылды.

 

Атап айтқанда, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен, ел аумағында заңсыз жүрген немесе Қазақстанға кіруіне тыйым салынған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуға қатысты нормалар нақтыланды.

 

Жаңа ереже қашан күшіне енеді?

 

Қаулы алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Ал электронды рұқсаттың міндетті болуы туралы талап 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданылады.

Поделиться

Нет комментариев.

14/10/2026 13:07
0

Уведомление