Қазақстан шахмат Олимпиадасының екінші кезеңінде жеңіске жетті
Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Өзбекстанда өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының екінші турында сәтті өнер көрсетті.
Әйелдер құрамасы Босния және Герцеговияны 3:1 есебімен жеңсе, ерлер құрамасы Нигериядан 3,5:0,5 есебімен басым түсті.
Үшінші тақтада қара түспен ойнаған 15 жастағы Елназ Қалиахмет қарсыласы Маса Максимовичтің қарсылығын 27 жүрісте бұзды. Қараның ладьясы h4-ке барғаннан кейін ақтар король қанатындағы мат шабуылына қарсыласудың мәні қалмағанын түсініп, партияны тоқтатты.
Меруерт Қамалиденова екінші тақтада Маса Бабичті 46-жүрісте жеңді. Ал бірінші турға қатыспаған Бибісара Асаубаева мен Зарина Нұрғалиева өз партияларын тең нәтижемен аяқтады.
Бұған дейін Ботсвана құрамасын 4:0 есебімен жеңген Қазақстан әйелдер құрамасы Босния және Герцеговиядан да басым түсіп, командалық есепке тағы екі ұпай қосты. Осылайша қыздарымыздың еншісінде төрт командалық ұпай бар.
2-тур. 17 қыркүйек. Әйелдер
ҚАЗАҚСТАН – БОСНИЯ ЖӘНЕ ГЕРЦЕГОВИНА 3:1
- WFM Милана Бабич (2196) – GM* Бибісара Асаубаева (2536) – 0,5:0,5
- IM Меруерт Камалиденова (2413) – WFM Маса Бабич (2147) – 1:0
- WFM Маса Максимович (2087) – WIM Елназ Калиахмет (2347) – 0:1
- WIM Зарина Нұрғалиева (2303) – WFM Сара Ясимович (2002) – 0,5:0,5
GM – гроссмейстер, IM – халықаралық шебер, WIM – әйелдер арасындағы халықаралық шебер, WFM – ФИДЕ әйелдер шебері.
Ерлер құрамасы да жеңіске жетті
Қазақстан ерлер құрамасы да Олимпиаданы қатарынан екінші жеңісімен жалғастырды. Бұған дейін Гаитиді 4:0 есебімен жеңген ұлттық команда бұл жолы Нигерияны 3,5:0,5 есебімен ұтты. Осылайша ерлер құрамасының да қоржынында төрт командалық ұпай бар.
Алдияр Ансат пен Жандос Ағманов Самарқандтағы екі партияның екеуінде де жеңіске жетті. Екінші турда бірінші тақтаға шыққан Денис Махнев Олимпиададағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал Даниял Сапенов қарсыласымен тең түсті.
2-тур. 17 қыркүйек. Ерлер
ҚАЗАҚСТАН – НИГЕРИЯ 3,5:0,5
- GM* Денис Махнев (2568) – FM Абдулрахман Абдулрахим (2316) – 1:0
- IM Одион Аиходже (2446) – IM Даниял Сапенов (2510) – 0,5:0,5
- GM Алдияр Ансат (2495) – Бартоломью Охипо (2246) – 1:0
- Одей Экунке (2280) – GM Жандос Ағманов (2490) – 0:1
GM – гроссмейстер, IM – халықаралық шебер, FM – ФИДЕ шебері.
Олимпиада туралы
Самарқанда өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасына 398 командадан 1974 шахматшы қатысып жатыр. Олардың арасында 240 гроссмейстер бар.
Турнир швейцариялық жүйе бойынша 11 турдан тұрады. Әр командада төрт негізгі ойыншы және бір қосалқы шахматшы бар. Партиялар классикалық уақыт бақылауымен өтеді: алғашқы 40 жүріске 90 минут беріледі, кейін тағы 30 минут қосылады. Әр жүрістен соң ойыншының уақытына 30 секундтан қосылып отырады.
Матчта жеңіске жеткен командаға екі командалық ұпай, тең ойын үшін бір ұпай беріледі. Ұпай саны тең болған жағдайда қосымша көрсеткіштер есепке алынады. Олардың қатарында Бергер коэффициенті, яғни қарсыластардан жиналған ұпай саны және команда ойыншыларының жеке ұпайларының жиынтығы бар.
Ерлер арасындағы турнир жеңімпазына Фредерик Густавус Гамильтон-Расселл лордының кубогы, әйелдер арасындағы үздік командаға Вера Менчик кубогы табысталады. Ал ерлер мен әйелдер құрамаларының қорытынды орындарының қосындысы ең аз федерация Нона Гаприндашвили кубогымен марапатталады.
Фото: kazchess.kz
20:08
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.