Қазақстан Паралимпиаданы аяқтады: елдің жалғыз жүлдегері жайлы не білеміз

Қазақстан құрамасы Италиядағы қысқы Паралимпиада ойындарындағы жарыс жолын аяқтады. Ел қоржынына түскен екі медаль да – Ербол Хамитовтың жүлдесі.


16/03/2026
08:07 25 0

Италияда өтіп жатқан қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы Ербол Хамитов ел мерейін үстем етті. Парабиатлоннан алтын медаль жеңіп алған ол Қазақстан тарихындағы осы спорт түрінен тұңғыш чемпион атанды.

 

Бұл – оның турнирдегі екінші жүлдесі. Спортшы әуелі парашаңғы жарысында қола медаль иеленген еді. Ерболдың жеңісі Қазақстан үшін қысқы Паралимпиада тарихындағы бесінші медаль әрі екінші алтын ретінде тіркелді.

 

Masa media  тілшісі бұл жеңістің артында не тұрғанын, алтынға апарар жолда спортшы қандай сынақтардан өткенін тарқатады.

 

Тағдырлы спортшы

 

Ербол Хамитов 1997 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа жақын болып өседі. Екінші сыныптан бастап футбол ойнап, еркін күреспен айналысады. Кейін жекпе-жек өнеріне қызығып, грэпплинг пен джиу-джитсумен шұғылданады. Танымал спортшы болсам деген арманы алға жетелейді.

 

Алайда 19 жасында оның өмірі күрт өзгерді.

 

Петропавлдағы түнгі клубтардың бірінде күзетші болып жұмыс істеп жүрген кезде күтпеген жерден жанжал туып, атыс болады. Атылған оқтың бірі Ерболдың аяғына тиеді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін сол аяғын тізеден төмен кесуге мәжбүр болды.

 

Операциядан кейінгі жағдай отбасы үшін ауыр соққы болды. Жақындары күйзеліске түсті, атасы қатты ауырып, кейін дүниеден өтті. Ал «әрдайым қасыңдамын» деп уәделескен сүйіктісі бұл сынақта жанынан табылмады.

 

Көп адам мұндай сынақтан кейін өмірден баз кешіп, болашақтан үмітін үзер еді. Бірақ Ербол сынған жоқ. Жігерлі жас өз өміріне өзі ғана жауапты екенін түсініп,  тез жиналды.

 

фото: спортшының жеке мұрағатынан

 

Спортқа қайта оралу

 

Отадан кейін небәрі бір жарым апта өткен соң Ербол қайта жаттығуға кіріседі. Алғашында балдақпен жүріп жаттығады, кейін протезбен қозғалуға бейімделеді.

 

Жекпе-жек спортынан қол үзбей, грэпплингпен айналысуды жалғастырады. Оның жігері көпшілікке үлгі болды. Жергілікті клубтар спортшыны жаттығу жиындарына шақырып, қолдау көрсетті.

 

фото: спортшының жеке мұрағатынан

 

Табандылықтың арқасында 2019 жылы Ербол грэпплингтен Азия чемпионатында алтын және күміс медаль жеңіп алады.

 

 «Қарсыластарым бір аяғымның кем екенін көріп, селқос күреседі. Олай істеудің қажеті жоқ. Бар күшіңді сал. Жеңіс адал болғанын қалаймын, - деген еді ол бір сұхбатында.

 

Параспортқа бетбұрыс

 

Біраз уақыт өткен соң Ербол маңызды таңдау жасауы қажеттігін түсінеді. Өйткені грэпплинг пен джиу-джитсу Олимпиада бағдарламасына кірмейді. Ал оның бала күнгі арманы – Олимпиада чемпионы болу еді.

 

Сөйтіп ол қысқы паралимпиадалық спорт түрлеріне ауысып, парашаңғы жарысы мен парабиатлонмен кәсіби түрде айналыса бастайды.

 

Ербол LW12 спорттық класында өнер көрсетеді. Бұл – аяқ-қолынан айырылған спортшылар sit-ski санатында арнайы шаңғы құрылғысында отырып жарысатын санат.

 

Спортшы парашаңғыдан спринт, қысқа және ұзақ қашықтықта, ал парабиатлоннан спринт пен орта қашықтықта сынға түседі.

 

Әлемдік деңгей

 

Параспортқа ауысқан Ербол ә дегеннен халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсете бастады:

 

  • 2022 жыл – Бейжіңдегі қысқы Паралимпиада ойындарында бірнеше жарыста үздік ондыққа енді;
  • 2023 жыл – пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанды;
  • 2023 жыл – парабиатлоннан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды;
  • 2025 жыл – парабиатлоннан әлем чемпионы атанды;
  • 2025 жыл – парабиатлон бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетті.

 

фото: ҰПК

 

2023 жылы Швецияда өткен әлем чемпионатында ол Қазақстан тарихында бұрын болмаған нәтижеге қол жеткізіп, ел тарихындағы алғашқы әлем чемпионы атанды. Осы жетістігі үшін жергілікті әкімдік спортшыға үш бөлмелі пәтер сыйлаған.

 

Орындалған арман

 

Ерболдың айтуынша, оның басты мақсаты – тек марапат алу болған емес.

«Есімімді Қазақстан мен әлем тарихында қалдырғым келді. Бір кездері күнделігіме «Паралимпиада чемпионы болсам екен»  деп жазған едім. Армандар орындалады екен», – дейді спортшы.

2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарында оның көп жылғы еңбегі ақталды. Алдымен парашаңғыдан қола медаль алып, кейін парабиатлоннан алтын медаль жеңіп алды.

 

Осылайша Ербол Хамитов Қазақстан тарихындағы парабиатлоннан тұңғыш чемпион атанды.

 

фото: ҰПК 

 

Ерік-жігердің символы

 

Бала кезінен ата-әжесінің тәрбиесін көрген спортшы бүгінгі жас буынға үнемі бір кеңес айтады:

 

«Өздеріңізге сеніңіздер. Ешқашан берілмеңіздер. Әрқашан алға ұмтылыңыздар».

 

Ауыр жарақат, ампутация, қайта басталған өмір, әлемдік жарыстардағы жеңістер – тізе берсең, Ербол Хамитовтың өмір жолы мотивациялық кітапқа сұранып-ақ тұр.

 

Бүгінде ол тек чемпион ғана емес, талай адамға үміт сыйлаған ерік-жігердің символына айналды.

Поделиться

Нет комментариев.

16/03/2026 08:07
25 0

Уведомление