Қазақстан мектептерінде дрон ұшыруды үйретпек
Қазақстан мектептерінде авиамодельдеу кабинеттері ашылып, алғашқы әскери дайындық сабақтарына дрон басқарудың бастапқы дағдылары енгізіледі.
Бұл 2026–2029 жылдарға арналған ұшқышсыз жүйелерді дамыту жөніндегі кешенді жоспарда қарастырылған. Жоспарға сәйкес, еліміздің барлық өңіріндегі мектептерде авиамодельдеу кабинеттері ашылады. Сондай-ақ STEAM кабинеттері ұшқышсыз авиациялық жүйелерге арналған жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Алғашқы әскери дайындық бағдарламасына дрон басқару және техникалық сауаттылық негіздері енгізіледі.
Алайда алғашқы кабинеттердің қашан және қай мектептерде ашылатыны, жабдықтауға қанша қаржы бөлінетіні әзірге нақтыланбаған.
«Еліміздің инженерлік және операторлық кадрларын даярлау мектеп оқушыларына ерте кәсіби бағдар беруден бастап, студенттерді терең мамандандыруға дейінгі үздіксіз жүйе бойынша жүргізіледі», – деп хабарлады Жасанды инттелек және цифрлық даму министрлігі.
Техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына сай жаңартылады. Сондай-ақ жыл сайын университеттер арасында ұшқышсыз технологиялар бойынша жарыстар өткізу жоспарланған.
2029 жылға дейін кемінде 1 мың маман даярлау көзделіп отыр. Олардың қатарында дрон операторлары, инженер-конструкторлар, ендірілген бағдарламалық жасақтама мен жасанды интеллект әзірлеушілері, киберқауіпсіздік және техникалық қызмет көрсету мамандары бар.
16:22
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.