Қазақстан әлемдік туризм рейтингінде төрт сатыға төмендеді

Қазақстан туризмді дамыту жөніндегі әлемдік рейтингте 110 елдің ішінде 56-орынға жайғасты. Соңғы екі жылда елдің көрсеткіштері сәл жақсарғанымен, рейтингтегі орны төрт сатыға төмендеген.


11/11/2026
09:15 0

Travel & Tourism Development Index 2026 индексі бойынша Қазақстан жеті балдың 4,09 балын жинаған. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 1,6 пайызға, ал 2019 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға өскен.

 

Зерттеуде Орталық Азия мен оған іргелес елдердің де көрсеткіштері қамтылған. Мәселен, Өзбекстан 3,69 балмен 76-орынға, Қырғызстан 3,44 балмен 93-орынға тұрақтаған. Әзербайжан – 58, Грузия – 40, Түркия – 36, Біріккен Араб Әмірліктері 22-орынға жайғасқан.

 

Рейтингті жасағанда елге келетін туристердің саны емес, туризм саласының қаншалықты дамығаны ескеріледі. Сарапшылар көлік қатынасы, қонақүйлер, қауіпсіздік, туристік нысандар мен экологияны қоса алғанда, барлығы 102 көрсеткішті саралаған.

 

Бірінші орынды 5,27 балл жинаған Жапония иеленді. Одан кейінгі орындарға АҚШ (5,23 балл) пен Испания (5,22 балл) жайғасқан. Алғашқы ондыққа Австралия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Қытай, Швейцария және Италия да енді.

 

Соңғы екі жылда зерттеуге қатысқан 110 елдің 101-інде туризмді дамыту көрсеткіштері жақсарған. Орташа өсім 2,1 пайызды құрады. Бірқатар елдің рейтингтегі орны да айтарлықтай өзгерген. Мәселен, Малайзия 13 сатыға көтеріліп, 26-орынға шықса, Таиланд он саты жоғарылап, 38-орынға жайғасқан. Вьетнам жеті сатыға көтеріліп, 52-орынды иеленді. Ал Албания 63-орыннан 53-орынға жылжыған.

 

Сарапшылар туризмнің қай бағыттары жылдам дамығанын да анықтаған. Соңғы кезеңде мәдени ресурстар көрсеткіші орта есеппен 9,6 пайызға, туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасы 9,2 пайызға, әуе қатынасы 7,2 пайызға артқан.

Поделиться

Нет комментариев.

11/11/2026 09:15
0

Уведомление