Қазақ жастары отбасын кеш құратын болған
Қазақстанда алғаш рет некеге тұратындардың орташа жасы жыл санап өсіп келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтар 11 жыл бұрынғыға қарағанда отбасын кешірек құратын болған. 2025 жылы ер адамдар алғаш рет орта есеппен 27,9 жаста, ал әйелдер 25,3 жаста некеге тұрған. Ал 2014 жылы ерлердің алғашқы некеге тұру жасы 27,1, әйелдердікі 24,6 болған. Демек, 11 жылда ерлер арасында бұл көрсеткіш 0,8 жылға, әйелдер арасында 0,7 жылға артқан.
Қала мен ауыл тұрғындарының арасында да айырмашылық байқалады. Қала ерлері алғаш рет орта есеппен 28,1 жаста үйленсе, ауылдық жерлердегі ерлердің орташа жасы – 27,5. Әйелдер арасында да осындай үрдіс бар: қала тұрғындары алғаш рет 25,8 жаста тұрмысқа шықса, ауыл әйелдерінің орташа жасы 24,3-ті құрайды.
Ұлттық статистика деректеріне қарағанда, әйелдер ең ерте отбасын құратын өңір – Түркістан облысы. Мұнда алғашқы некеге тұрудың орташа жасы 22,7-ге тең. Келесі орындарда Шымкент қаласы (23,7 жас), Жамбыл облысы (23,8 жас) және Қызылорда облысы (24 жас) тұр.
Ал әйелдер алғашқы некеге ең кеш тұратын өңір – Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда бұл көрсеткіш 27,5 жасқа жеткен. Қостанай облысында әйелдердің алғашқы некеге тұру жасы орта есеппен 26,8 болса, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында 26,6–26,7 жас аралығында.
Осылайша, әйелдердің алғашқы некеге тұру жасы ең төмен Түркістан облысы мен ең жоғары Шығыс Қазақстан облысының арасындағы айырмашылық 4,8 жылды құрайды.
10:16
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.