Қазақ айтысының майталманы Надежда Лушникова өмірден өтті

Қазақ айтысының көрнекті өкілі Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.


09/11/2026
08:28 0

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақы ортада тәрбиеленіп, қазақ тілінде білім алған.

 

1961 жылы Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені, ал 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін қазақ бөлімшесі бойынша тәмамдаған. Өлең жазып, суырыпсалма өнерімен танылған.

 

1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлдегер атанған. Оның Шымкент ақыны Қалдыбек Әліқұловпен айтысы кинотаспға түсірілген. «Айтыс» деп аталатын фильмді Тұрар Дүйсебаев түсірген. Ақын аудандық және облыстық айтыстарға қатысып, талай қарсыласынан басым түскен.

 

1963–1985 жылдары газетте әдеби қызметкер, баспада редактор, мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. 1985 жылдан бастап Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Қарибаев музейінің директоры қызметін атқарған.

 

Ақынның алғашқы өлеңдері 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған. Надежда Лушникованың «Елім менің» (1962) және «Көңіл хошы» (1970) атты екі жыр жинағы жарық көрген. Екінші жинағы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болған.

Поделиться

Нет комментариев.

09/11/2026 08:28
0

Уведомление