Айына 3 мың долларға дейін: Facebook креаторларды қызықтыру жолын тапты
Facebook желісі TikTok пен YouTube-пен бәсекелестікті күшейтудің қамына кірісті.
Facebook әлеуметтік желісі танымал авторларды қызықтыру және Meta контент экожүйесін қайта жандандыру үшін жаңа монетизация бағдарламасын іске қосты.
Бағдарлама туралы
Meta мәліметінше, бағдарлама әсіресе басқа платформаларда – TikTok, YouTube немесе Instagram-да аудиториясы бар авторларға арналған. Facebook оларға нөлден бастамай-ақ, өз аудиториясын көшіру және тұрақты табыс табу мүмкіндігін береді. Негізгі мақсат – авторларды тартудағы басты кедергіні – бастапқыда табыс табу мүмкінің берілмеуін жою.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – кепілдендірілген төлемдер. 100 мыңнан астам жазылушысы бар автор айына $1 мың ала алады, ал миллионнан астам жазылушысы болса – $3 мыңға дейін табысқа ие болады. Бұл төлемдер шектеулі уақытқа арналған, сондықтан авторларды бағдарламаға тезірек тарту тиімді.
Бағдарламаның атауы – Creator Fast Track, мерзімі – үш ай. Осы уақыт ішінде қатысушылар кепілдендірілген табысқа қосымша, Facebook Content Monetization құралдарын пайдаланып, бағдарлама аяқталғаннан кейін де контенттен табыс таба алады. Meta қысқа мерзімді бонусқа емес, авторларды ұзақ мерзімге платформада ұстауға басымдық береді.
Бағдарлама қысқа видеоларға – әсіресе Reels форматындағы контентке – ерекше назар аударады. Қатысушылардың видеолары қосымша насихатталып, аудиторияны жылдам көбейтуге және тұрақты табысқа жетуге мүмкіндік алады.
TikTok және YouTube-пен бәсекелестік
Meta бұған дейін авторларды бонус және арнайы келісімшарт арқылы тартуға талпынып көрген. TikTok пен YouTube өз кезегінде монетизация құралдарын дамытуды жалғастыруда. Бұл бәсекелестікте басты актив – авторлар мен олардың аудиториясы, технологиялық шешімдер емес.
Компания мәліметінше, 2025 жылы Meta контент жасаушыларға шамамен $3 млрд төлеген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 35% артық және креаторлар экономикасына белсенді инвестиция салуға дайын екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары Facebook жастар аудиториясын тартуда артта қалды, ал TikTok пен YouTube жаңа жұлдыздар үшін негізгі алаң болып отыр. Жаңа бағдарлама – осы жағдайды өзгертіп, авторлар мен пайдаланушылардың назарын қайтаруға бағытталған қадам.
08:16
28
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.