Қауіп дабылы күшейді: Әлем елдері Ираннан безе бастады
Ирандағы саяси ахуал ушыға түсуіне байланысты әлем елдері өз азаматтарын бұл елдің аумағынан кетуге үндеп жатыр.
фото:eurointegration.com
АҚШ АЗАМАТТАРЫНА ҮНДЕУ
CNN-нің хабарлауынша, сақтық шарасы ретінде АҚШ-тың кейбір әскери қызметкерлеріне Қатардағы америкалық әскери базадан кету ұсынылған. Бірқатар мемлекеттер өз азаматтарын Ираннан кетуге шақырды, ал кейбір әуе компаниялары Иранның әуе кеңістігін айналып ұшатын бағыттарға көшіп жатыр. Ал кеше президент Дональд Трамп Иранда жүрген барлық АҚШ азаматтарына елден кетуге кеңес берген еді.
АҚШ Қатардағы Әл-Удейд әуе базасынан қызметкерлерін шығаруға әрекеттенгеннен кейін ресми Доха «өз азаматтары мен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды іске асыруды жалғастырып жатқанын» мәлімдеді.
Ал Сауд Арабиясындағы Америка елшілігі АҚШ азаматтары мен өз қызметкерлерін «аса сақ болуға» шақырып, өңірдегі кез келген әскери нысанға «маңызды емес сапарларды шектеуге» үндеді.
ЕУРОПА САУЫСҚАНДАЙ САҚ
Италияның Сыртқы істер министрлігі де өз азаматтарын Ираннан кетуге шақырып, Ирак пен Кувейтті қоса алғанда, Таяу Шығыстағы италиялық әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
Германия билігі әуе компанияларына «әуе кемелеріне қарсы қару қолданылуы мүмкін» деген қауіпке байланысты Иранның әуе кеңістігін айналып өтуді ұсынды. Бұған қоса, немістің Lufthansa әуе компаниясы Тель-Авив пен Амман бағыттарына тек күндізгі рейстерді орындайтынын мәлімдеді.
Ұлыбритания үкіметі Тегерандағы елшілігінің уақытша жабылғанын, барлық қызметкерлердің Ираннан шығарылғанын хабарлады. Сондай-ақ елдің сыртқы істер министрлігі азаматтарына Иранға кез келген сапардан бас тартуға кеңес берді.
Испания өз азаматтарына Ираннан «барлық қолжетімді тәсілмен» кетуді ұсынып, елге баруға қатаң түрде кеңес бермейтінін мәлімдеді.
Үндістанның Тегерандағы елшілігі үндістандықтарға Ираннан «қолда бар мүмкіндіктер арқылы» кетуге кеңес берді. Үндістан үкіметі де азаматтарын бұл елге бармауға «қатаң түрде» үндеп отыр. Ал Air India әуе компаниясы өңірдегі рейстерін айналма бағыттарға ауыстыратынын жариялады.
ҚАЗАҚСТАН ДА БЕЙҒАМ ЕМЕС
Air Astana әуе компаниясы Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір тұрақты және чартерлік рейстерінің ұшу бағыты өзгергенін ескертті.
Атап айтқанда, Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха және Мединаға рейстер Иран әуе кеңістігін айналып ұшады.
«Жолаушылардан рейстердің мәртебесін тексеруді сұраймыз, себебі рейстер кестесінде өзгертулер болады», – деп хабарлады әуе компаниясы.
ИРАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Ирандағы 2025 жылғы 28 желтоқсаннан бері наразылықтар басылмай тұр. Халық ұлттық валютаның құнсызданып, бағаның көтерілуіне наразылық білдіруде. Жыл аяғында 1 доллар құны 1,42 млн риалға жеткен. Алғашында акциялар бағаның өсуіне байланысты басталғанымен, көп ұзамай саяси сипат алып, үкіметке қарсы кең ауқымды наразылықтарға ұласты.
АҚШ құқық қорғау ұйымының дерегіне сәйкес, Иран үкіметтің қатыгез қуғын-сүргіні басталғалы бері кемінде 2 400 наразылыққа шыққан адам қаза тапқан, ал интернет әлі де бұғаттаулы. Тегерандағы жағдай «өте ауыр әрі шиеленісті» деп бағаланып отыр.
ТЕГЕРАН ТҮР БЕРМЕЙ ОТЫР
Ал Иран билігі жағдай толығымен бақылауда екенін, елде тыныштық орнағанын мәлімдеді. Елдің Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Fox News-ке берген сұхбатында АҚШ-ты «маусым айында жіберілген қатені қайталамауға» және Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіспеушіліктерді дипломатиялық шешуге шақырды. Министрдің айтуынша, инфрақұрылымды, машиналарды бомбалауға болады, бірақ технологияны жою мүмкін емес.
«Дипломатия-ең жақсы жол. Бізде АҚШ-пен оң тәжірибе болмаса да, дипломатия соғыстан әлдеқайда жақсы», – деді Арагчи.
13:01
26
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.