Қатары көбейген омбудсмендер: құзыреті қандай, қоғамға берері не?
Қазақстанда қанша омбудсмен бар? Олар қазақстандықтардың құқығын қалай қорғап жүр?
Қазақстанда жаңа лауазым – отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл пайда болды. Еліміздің су жаңа отбасы омбудсмені – Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Оған қандай міндет жүктелмек? Жалпы, омбудсмен институтының қоғамға берері не? Елде қанша омбудсмен бар? Олар немен айналысып жүр? Жаңа тағайындаудан кейін көптің көкейінде туған осы сауалдарға Masa media тілшісі жауап іздеп көрді.
Омбудсмен деген кім?
Омбудсмен – адамдардың құқығы мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттік кепілдігінің қамтамасыз етілуін қадағалайтын институт. Бұл институт әр елде әр түрлі аталады. Оған қатысты ғалымдардың берген тұжырымдамасы көбіне бір-бірімен қабыспай жатады.
Кезінде КСРО ғалымдары ұзақ ізденістер мен талқылаулар нәтижесінде «омбудсмен – азаматтық құқықтардың қорғаушысы» деген тоқтамға келсе, британдықтардың пайымынша, омбудсмен – тәуелсіз қоғамдық лауазымды тұлға және ол үкіметтік органдардағы лауазымды адамдардың үстінен түсірген азаматтардың арыз-шағымдарын зерттеумен айналысады.
Польшаның алғашқы омбудсмені Эва Лентовсканың тұжырымынша, омбудсмен – заңның сақталуын қадағалайтын тұлға. Ал Қазақстанның тұңғыш омбудсмені Болат Байқадамов бұл институттың қызметінде мемлекеттік және қоғамдық институттардың сипаты бар екенін айтқан.
Лауазым қашан пайда болды?
Ең алғаш рет парламенттік омбудсмен лауазымы 1809 жылы Швецияда бекітілген. Ұзақ жылдар бойы шведтерден басқалар омбудсмен қызметін құру идеясын қабылдамай келді. Алайда уақыт өте келе бұл лауазым Солтүстік Еуропада қалыптаса бастады: 1919 жылы Финляндияда, 1952 жылы Норвегияда, кейінірек Данияда енгізілді.

Омбудсмен қызметі Еуропадан басқа құрлыққа сәл кештеу жетті. Мәселен, Жаңа Зеландияда 1962 жылы пайда болды. Бүгінде жүзге жуық мемлекетте омбудсмендердің өкілеттігі заңмен бекітілген.
Қазақстандағы омбудсмен институты
Қазақстанда омбудсмен институтының құрылу тарихы 2002 жылдың 19 қыркүйегінен басталады. Дәл осы күні экс-президент Назарбаев «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымын құру туралы» №947 Жарлыққа қол қойды.
Ал 2021 жылдың 15 қаңтарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң әзірлеуді тапсырды. Оған дейін омбудсмен қызметі 2002 жылдың 10 қыркүйегіндегі №992 «Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық құру туралы» жарлықпен бекітілген қағида негізінде реттеліп келген еді.
Омбудсменнің құқықтары мен міндеттері
Институт құрылған соң араға 20 жыл салып қабылданған заң бойынша, адам құқықтары жөніндегі уәкілді Президент тағайындайды. Және оның кандидатурасы Парламент палаталарымен келісіледі. Омбудсменді Сенаттың келісімінсіз ешкім қамауға алмайды, үйқамаққа отырғыза алмайды, тіпті әкімшілік жаза қолдануға да болмайды (егер ол қылмыс үстінде ұсталмаса немесе ауыр қылмыс жасамаса).
Заң шығарушы органның сөзіне сүйенсек, омбудсмен бірде-бір мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға есеп беруге міндетті емес. Оның заңды қызметіне кедергі келтіруге немесе араласуға жол берілмейді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл саяси немесе мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды, сондай-ақ, саяси партияларға мүше бола алмайды. Және бір тоқталып өтетін мәселе, омбудсмен адам құқықтары мен еркіндіктерін қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлей алады, қолданыстағы заңды жетілдіру бойынша тікелей Президентке немесе парламент пен үкіметке ұсыныс енгізе алады. Сондай-ақ, өкілге әлеуметтік қызметтер көрсететін арнайы мекемелер мен қылмыстық-түзету жүйесіндегі мекемелерге кедергісіз кіріп-шығу мүмкіндігі берілген. Яғни, омбудсмен институтына мемлекеттік билік пен бұқара халық арасында кері байланыс орнату туралы үлкен аманат жүктелген.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі алғашқы омбудсмені – Болат Байқадамов. Ол бұл қызметті 2002 жылдан 2007 жылға дейін атқарды. Одан кейін бұл лауазымға Асқар Шәкіров тағайындалып, табаны күректей 12 жыл омбудсмен болды. 2019 жылы Сенат депутаты атанған Шәкіровтің орнын Эльвира Азимова басты. Құқық саласының тәжірибелі маманы Азимова үшін бұл қызмет Конституциялық сот төрағалығына трамплин болды.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі – Артур Ластаев. Ол – ФБР академиясын тәмамдаған жоғары білімді заңгер. Ұзақ жылдар прокуратура жүйесінде жұмыс істеген. БҰҰ-да ҚР Бас прокуратурасының өкілі болған.

Қоғам белсенділерінің пікірінше, бұрынғы айыптаушы қазір қорғаушы рөлінде болса да баяғы қызметінің шекпенінен шыға алмай жүр. Олар бұл сөзге дәлел ретінде Марат Жыланбаевтың ісін алға тартады. Қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина мен адвокаттар марафоншының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқанда омбудсмен Ластаев бұл мәлімдемелерді «пиар-активтік» деп бағалаған еді. Омбудсменнің өкілдері екі мәрте колонияға барып, Жыланбаевтың жағдайы жақсы деген қорытынды шығарды. Ал Төреғожина «жалған ақпарат таратты» деп айыпталып, жазаға тартылды.
Балалар омбудсмені
Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі – 2016 жылы пайда болған лауазым. Сол жылдың наурызында бұл қызметке Зағипа Бәлиева тағайындалды. Ол омбудсмен болып жүріп, Мәжіліс депутаты қызметін қоса атқарды.
Сарапшылардың айтуынша, Бәлиева енді ғана құрылған институтқа халықтың сенімін қалыптастыра алмады. Сол кезеңде балаларға қатысты дау-жанжалдардың көбеюі бұл салада қордаланған түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылмағанын көрсетті. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар баланың зорлануына қатысты оқиға ушығып, жоғарыға дейін жетіп, еліміздің Қауіпсіздік кеңесі отырысында қаралды. Балалар омбудсменінің ҮЕҰ-ларды балалар үйлеріне жібермеу керек деген ұсынысы да қоғамда қатты сынға ұшырады.
Бәлиевадан кейін бір жылдай уақыт балалар омбудсмені қызметін Сәуле Айтпаева атқарды. 2019 жылдың шілдесінде Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі лауазымы Аружан Саинға бұйырды. Саин елдегі балалар құқығына қатысты көп проблеманы көтерді. Алайда қоғам белсенділері мен журналистер ол проблемаларды тек жария етумен шектелгенін айтып, нақты құрылымдық немесе жүйелі өзгерістер ұсынбағанын сынға алды. Мәселен, 2020 жылы 12 жасар қызға қатысты зорлық ісіне қатысты прокуратураға шағым жазғанымен, оның әрекеттері нақты қорғанышқа жеткіліксіз болды дейді белсенділер.
Қазіргі балалар омбудсмені – Динара Зәкиева. Ол – халықаралық құқық маманы, кәсіпкер, партия қызметкері және бұрынғы депутат. Балалармен 2017 жылы бері жұмыс істей бастаған. Әуелі Астанадағы балалар үйінің басшысы болды, кейіннен «Nur Otan» партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау кеңесін басқарды, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы «Қамқорлық қорының» директоры болды. 2023 жылы маусымда – балалар омбудсмені атанды.

Зәкиева қоғамда балалар құқығының бұзылу оқиғаларына дер кезінде үн қосып отыруға тырысады. Әлеуметтік желіде белсенді. Десе де, сарапшылар оның жауаптары мен қадамдарында формальдылық басым екенін айтады. Мысалы, балалар өлімімен аяқталған өрттен кейін ата-аналарға 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде заң енгізуді ұсынды. Немесе Екібастұздағы 7 жастағы қыздың өлімінен кейін халықты билікке қауіп туралы хабар беруге шақырды.
Зәкиеваның балалар омбудсмені ретіндегі қауқары сынға түскен оқиға – Бағанашылдағы балалар үйінің жабылуы. Омбудсмен әкімдікке жүгінгенімен, балалар үйінің мәселесін шеше алмады. Оқиға Президенттің құлағына жеткеннен кейін ғана балалар өз орнында қалды.
Бизнес-омбудсмен
Қазақстанда 2014 жылы құрылған бизнес-омбудсмен институтының ұйымдастырушылық және жұмыс алаңы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жүргізіледі. Бірақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппараты үкіметтің немесе министрліктің құрамына кірмейді.
Бизнес-омбудсменге кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін таныстыру, қамтамасыз ету қорғау мен олардың өтініштерін қарау міндеті жүктелген.
Қазақстан тарихындағы алғашқы бизнес-омбудсмен – Болат Палымбетов. 2019-2024 жылдары бұл қызметті Рустам Жүрсінов атқарды. Ал 2024 жылдан бері кәсіпкерлер құқығын қорғау омбудсмені – Қанат Нұров. Ресми мәлімет бойынша, ол 2025 жылы ол кәсіпкерлерден түскен мыңдаған шағымды қарап, миллиардтаған теңге шығынның алдын алған. Алайда БАҚ-тан омбудсменнің нақты қай оқиғаға араласып, қай кәсіпкерлердің құқығын қорғағаны жайлы дерек там-тұм. Тек өткен жылы кәсіпкер Ляззат Көккөзованың ісі бойынша апелляциялық сотта ресми өкіл болғаны жайлы ғана жазылды.

Отбасы омбудсмені
Қазақстанда отбасы омбудсмені лауазымын енгізу бастамасы жайлы президент Тоқаев алғаш рет 8 наурыз қарсаңында әйелдерді құттықтау шарасында айтты.
«Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенімдімін. Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады. Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Бүгін Тоқаев бұл лауазымға Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваны тағайындады. Қазақстанда отбасы институтының құлдырағанын, ажырасулар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтар көбейгенін ескерсек, Имашеваға жүктелген міндет әсте жеңіл емес.
16:47
84
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.