АҚШ-та әуе қатынасы жаппай тоқтатылды: елде не болып жатыр

Елде кейінге шегерілген және тоқтатылған рейстер саны 10 мыңнан асты.


14/11/2026
10:19 0

АҚШ-та әуе қозғалысын басқару жүйесінде ауқымды ақау шықты. Соған байланысты Азаматтық авиацияның федералдық басқармасы (FAA) елдегі барлық әуежайдан ұшақтардың ұшуын уақытша тоқтатуға бұйрық берді. Мыңдаған рейс кейінге шегеріліп, бірқатары тоқтатылды.

 

Reuters агенттігінің жазуынша, шектеу 13 қарашада әуе диспетчерлері мен ұшқыштар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникация жүйелерінде күрделі ақау шыққаннан кейін енгізілді. Мәселе АҚШ-тың бірнеше аймағындағы әуе қозғалысын басқару орталықтарына әсер еткен.

 

FAA бұл шешімнің қауіпсіздік мақсатында қабылданғанын мәлімдеді. Жердегі ұшақтарға қосымша нұсқау берілгенге дейін әуеге көтерілуге тыйым салынды. Ал рейс орындап, әуеде жүрген ұшақтарға сапарын жалғастырып, қонуға рұқсат берілді. Халықаралық рейстерге қатысты шешім әрқайсысына жеке қабылданатын болды.

 

FlightAware сервисінің мәліметінше, АҚШ-та кейінге шегерілген және тоқтатылған рейстер саны 10 мыңнан асты. 9 917 рейс кешігіп, тағы 733 рейс мүлде тоқтатылған. Осылайша, техникалық ақау кемінде 10 650 рейстің кестесін бұзып, мыңдаған жолаушыға қолайсыздық туғызды.

 

Ақау неден басталды?

 

АҚШ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, әуелі Чикагодағы авиациялық жүйелерде ақау шыққан. Кейін байланысқа қатысты мәселе өзге диспетчерлік орталықтарға да таралған.

 

Шектеулер енгізілген соң әуе компаниялары жолаушыларға рейстердің кешігетіні немесе тоқтатылатыны туралы жаппай ескерту жасай бастады. Әуежайларда ұзын-сонар кезек пайда болып, кейбір жолаушылар ұшуға дайын тұрған ұшақтардан қайта түсуге мәжбүр болған.

 

АҚШ билігі не дейді?

 

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Марквейн Маллин тұрғындарды сабырға шақырды. Оның айтуынша, билік жағдайды бақылауда ұстап отыр және әуеде жүрген барлық ұшақтың есебі бар.

 

Министрдің мәлімдеуінше, сол сәтте билікте әдейі жасалған шабуыл белгілері болмаған. Дегенмен мамандар ақаудың ықтимал себептерін тексеруді жалғастырып жатыр.

 

АҚШ-тың Көлік министрі Шон Даффи де жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол FAA техникалық мамандары ақаудың мән-жайын анықтап жатқанын растады.

Поделиться

Нет комментариев.

14/11/2026 10:19
0

Уведомление