АҚШ Хуангтың көңілдесінің Қытай барлауымен байланысын анықтай алмай отыр
ФБР қолдағы деректер оның Қытай барлау қызметінің агенті екенін дәлелдемейді деп есептейді.
АҚШ-тың арнайы қызметтері Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуангпен байланысы болған Элис Хуангтың Қытай барлау қызметіне жұмыс істеген-істемегеніне қатысты ортақ шешімге келе алмай отыр. Ал Reuters зерттеуінше, әйелдің туыстары мен іскер серіктестеріне қатысы бар компаниялар Қытайдың жасанды интеллект саласына арналған 301 миллион доллардан астам жабдықты қаржыландыруға атсалысқан.
Агенттік мәліметінше, Ақ үй, ФБР және ЦРУ өкілдері Элис Хуангтың Қытай мемлекеттік қауіпсіздік министрлігімен байланысы болған-болмағанын және оған ақпарат берген-бермегенін талқылаған.
ФБР қолдағы деректер оның Қытай барлау қызметінің агенті екенін дәлелдемейді деп есептейді. ЦРУ да әйелдің АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатысты құпия ақпаратты Қытайға бергенін растайтын нақты айғақ таппаған. Алайда кейбір америкалық шенеуніктер оның Қытай барлау өкілдерімен байланысын Бейжіңмен ынтымақтастықтың белгісі деп санайды.
Бұған дейін The New York Times АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың құпия жазбасына сілтеме жасап, Қытай барлауы Элис Хуангты өз қатарына тартқан болуы мүмкін екенін хабарлаған. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, бұл мәселедегі пікір қайшылығы Дональд Трамп әкімшілігінде ресми талқыланбаған. Барлау материалдары шектеулі топқа ғана таратылып, Конгреске ұсынылмаған.
Қытайдың ЖИ саласына арналған жүздеген миллион долларлық жабдық
Reuters Қытай Орталық банкінің несие тізіліміндегі құжаттарды зерттеп, Элис Хуангтың туыстары мен іскер серіктестеріне қатысы бар компаниялардың жасанды интеллект инфрақұрылымына арналған қымбат жабдықтарды қаржыландырғанын анықтаған.
Құжаттарда жалпы құны 270 миллион доллар болатын 764-ке дейін сервер мен есептеу модулі, сондай-ақ 31 миллион долларлық желілік жабдық көрсетілген. Жабдықтың бір бөлігі Шанхайдағы ірі деректер орталығында орналасқан. Ол Tencent пен жергілікті биліктің ЖИ есептеу қуатын дамыту жобасымен байланысты. Алайда Tencent бұл орталықты салуға да, пайдалануға да қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
Қаржы тартқан компаниялардың бірі – Nvidia-ның бұлттық технологиялар саласындағы серіктесі Century Litong. Ол 2024 жылы жалпы құны 200 миллион доллар болатын 512-ге дейін серверді жалға беру туралы бес келісім жасаған.
Элис Хуангтың туыстары мен Megaspeed компаниясы
Құжаттар Қытайдың есептеу инфрақұрылымын дамытуға қатысатын бірнеше компанияны Элис Хуангтың әпкесі Хуанг Юй мен оның күйеуі Кан Вэймен байланыстырады.
2026 жылғы сәуірде әпкесінің үлесі болған Wuhu Century Longteng компаниясы 70 миллион доллар несие алу үшін жасанды интеллектке арналған 252 есептеу модулін кепілге қойған.
Элис Хуанг бұрын бақылаған сингапурлық Megaspeed компаниясының да бұл компаниялармен іскерлік байланысы болған. Megaspeed Nvidia процессорларын шетелге көп көлемде сатып алушылардың бірі саналған.
АҚШ билігі компанияның Қытайдағы клиенттерге экспорттық шектеуге іліккен Nvidia технологияларын жеткізуге көмектескен-көмектеспегенін тексерген. 23 қарашада АҚШ Сауда министрлігі Megaspeed-ті сауда шектеулеріне іліккен ұйымдардың қара тізіміне енгізді. Алайда компания заң бұзғанын жоққа шығарып, Элис Хуангтың одан 2025 жылғы тамызда кеткенін мәлімдеді.
12:10
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.