АҚШ Иранды атқылау үшін ЖИ қолданды – БАҚ
Америка әскері операция барысында алғаш рет ЖИ құралдарын пайдаланған болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр.
Қандай ЖИ жүйелері қолданылды?
Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ Anthropic жүйесі нысаналарды талдау, ақпарат жинау және әскери сценарийлерді модельдеу үшін қолданылған. Десе де, Пентагон бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Мамандар әзірге жасанды интеллекттің автоматты түрде соққы жасағанына дәлел жоқ екенін алға тартады.
Әскери операция бір айға созылуы мүмкін
Дональд Трамп Daily Mail басылымына берген сұхбатында Ирандағы әскери операциясы алдағы төрт апта бойы жалғасуы мүмкін екенін айтты. Ол бәрі жоспарға сай жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Трамптың сөзінше, АҚШ Иран басшылығының «барлығын жойған». Ақ үй басшысы шамамен 48 ирандық шенеуніктің мерт болғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Трамп Иранмен алдағы келіссөздерге ашық екенін айтты. Алайда оның сөзінің ауанына қарағанда, жақын арада тараптардың келіссөз үстеліне отыра қоюы екіталай секілді.
«Білмеймін. Олар келіссөз жүргізгісі келеді. Бірақ мен оларға сіздер өткен аптада сөйлесулеріңіз керек еді, осы аптада емес дедім», – деді Трамп.
Трамптың үш кандидаты
Ал The New York Times басылымына берген сұхбатында Трамп Ирандағы биліктің ауысуы туралы сөз қозғап, жыл басындағы Венесуэла көшбасшысы Николас Мадуроны қолға түсіру операциясын «идеалды сценарий» деп атады. Ол Иранда да биліктің осындай жылдам әрі тиімді жолмен ауысқанын қалайтынын аңғартты.
Америка президентінің сөзінше, ол Хаменеидің орнын басуға лайықты үш кандидатты таңдап қойған.
«Менің үш өте жақсы таңдауым бар», - деді Трамп The New York Times басылымына берген сұхбатында.
Бірақ Ақ үй басшысы өз үміткерлерінің атын атаған жоқ.
Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізуден бас тартты
Трамп БАҚ өкілдеріне оңды-солды сұхбат беріп, Иранның келіссөз жүргізуге ықыласты екенін мәлімдесе, Тегеран оның бұл сөзін жоққа шығарды. Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджанидың мәлімдеуінше, Иран АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізбейді.
Бұдан бұрын Әли Лариджани аятолланың өлімі үшін Иран АҚШ пен Израильден кек алатынын айтқан.
«Ұлтымыз өзгелердің Иранды бөлшектеуіне жол бермейді. АҚШ пен Израиль иран халқының жүрегіне соққы жасады. Біз де олардың дәл жүрегіне соққы береміз», – деп мәлімдеді ықпалды саясаткер.
CNN телеарнасының мәліметінше, Лариджани Әли Хаменеидің басты кеңесшілерінің бірі болды, Иран билігінде шешім қабылдайтын ықпалды саясаткер.
Оның мәлімдеуінше, Иран қарулы күштерінің қарымта әрекеті одан бетер қатаң болады.
Таяу Шығыстағы шиеленіс
Еске салайық, 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Сенбі күні таңертең Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Ел билігі бастапқыда оның қаза тапқанын жоққа шығарып, 1 наурызға қараған түні ғана растады.
Қарымта әрекет ретінде Иран бірден Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. БАӘ, Катар және Бахрейнге соққы жасады. Абу-Даби және Дубай әуежайлары шабуылға ұшырады.
фото: ЖИ/masa.media
11:56
27
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.