АҚШ Иранға соққы беру үшін Ұлыбритания базаларын пайдаланады
Ұлыбритания АҚШ-тың Ирандағы зымыран нысандарына соққылар жасау үшін британдық әскери базаларды пайдалану жөніндегі өтінішін мақұлдады, деп хабарлайды Masa media.
Толығырақ
Бұл туралы елдің премьер-министрі Кир Стармер мәлімдеді.
Премьер-министр Ұлыбритания «Ирактағы қателіктерден сабақ алғанын» атап өтіп, Лондон Иранға жасалған алғашқы соққыларға қатыспағанын және қазір де шабуыл операцияларына қосылмайтынын айтты.
Стармердің айтуынша, АҚШ өтінішін қабылдауға одақтастардың ұжымдық өзін-өзі қорғауы мен британ азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіз болған. Ол Иранды «күйдірілген жер тактикасын» ұстанып отыр деп айыптады.
BBC мәліметінше, АҚШ Иранның зымыран нысандарына соққы беру үшін Глостерширдегі RAF Fairford авиабазасын және Үнді мұхитындағы Диего-Гарсия базасын пайдалануы мүмкін.
Стармердің сөзінше, бұл қадам халықаралық құқыққа сәйкес келеді. Ұлыбритания үкіметі осы шешімге қатысты заңгерлік қорытындының қысқаша мазмұнын да жариялаған.
Ұлыбританияның ұстанымы қандай?
Өткен айда британ билігі АҚШ-тың Иранға ықтимал соққыларына қолдау көрсету үшін британ әскери базаларын пайдалануға рұқсат бермегені хабарланған еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран «келісім жасасудан бас тартса», операциялар үшін RAF Fairford пен Диего-Гарсия базаларын пайдалану қажет болуы мүмкін екенін айтты. Бұл екі база бұрын да АҚШ-тың алыс қашықтықтағы ауыр бомбалау операцияларында қолданылған.
Стармер бұған дейін Ұлыбритания ұшақтары Таяу Шығыста одақтастар мен аймақтағы азаматтарды қорғауға бағытталған қорғаныс операциясы аясында әуеде жүргенін, бірақ Иранға жасалған соққыларға қатыспағанын айтқан.
Жексенбі күні ол британ ұшақтары ирандық соққылардың бірқатарын сәтті тоқтатқанын мәлімдеді.
«Парсы шығанағындағы серіктестеріміз бізден қорғанысын күшейтуді сұрады. Ал британ азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету — менің міндетім», – деді ол.
Оның айтуынша, аймақта шамамен 200 мың британ азаматы бар. Олардың ішінде тұрақты тұратындар, туристер және транзитпен жүргендер бар. Үкімет оларға қолдау көрсету үшін бар күшін салатынын айтты.
Стармердің сөзінше, ирандық шабуылдар британ азаматтары мен әскери қызметкерлерін, сондай-ақ одақтастарды «өте үлкен қауіпке» тігіп отыр. Ол Иран билігін «одан сайын жауапсыз әрекет етіп жатыр» деп айыптады.
Иран соққылары британ азаматтары орналасқан әуежайлар мен қонақүйлерге де тиген. Сенбі күні Бахрейндегі әскери базаға жасалған шабуыл британ әскери қызметкерлеріне өте жақын түскен.
«Қауіпті тоқтатудың жалғыз жолы – зымырандарды шыққан жерінде, яғни сақтау қоймаларында немесе ұшыру қондырғыларында жою», – деді ол.
Стармердің айтуынша, дәл осы мақсатта АҚШ Ұлыбритания базаларын пайдалануға рұқсат сұраған.
«Біз бұл өтінішті қабылдадық. Бұл Иранның аймаққа зымыран ұшыруына жол бермеу, бейбіт тұрғындардың қаза табуын тоқтату, британ азаматтарының өмірін қорғау және қақтығысқа қатыспаған елдердің қауіпсіздігін сақтау үшін қажет», –деді премьер.
Ұлыбритания үкіметі АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларын қолдай ма және оларды заңды деп санай ма — бұл жөнінде нақты мәлімдеме жасаған жоқ.
Таяу Шығыстағы шиеленіс
Еске салайық, 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Сенбі күні таңертең Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Ел билігі бастапқыда оның қаза тапқанын жоққа шығарып, 1 наурызға қараған түні ғана растады.
Қарымта әрекет ретінде Иран Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. БАӘ, Катар және Бахрейнге соққы жасады. Абу-Даби және Дубай әуежайларына шабуылға ұшырады.
06:36
30
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.