«АҚШ байлығын ұрлаушылар»: Америка қазақстандықтарға виза беруді неге тоқтатты
2026 жылдың 21 қаңтарынан бастап АҚШ билігі 75 елдің азаматтарына иммиграция визасын беруді уақытша тоқтатады. Олардың қатарында соның қазақстандықтар да бар.
ИММИГРАЦИЯ ВИЗАСЫ ДЕГЕН НЕ?
Иммиграциялық виза – басқа елде тұрақты тұруға және жұмыс істеуге рұқсат. Әдетте мемлекет аумағына бір реттік кіру үшін беріледі, сондықтан виза алушы кейінірек кіру-шығу санына шектеусіз тұрақты тұруға рұқсат алуы керек.
АҚШ-қа иммиграциялық виза – бұл АҚШ билігінің АҚШ-қа тұрақты тұруға көшу құқығын беретін арнайы рұқсаты.
АҚШ мемлекеттік департаментінің 14 қаңтардағы шешімі бойынша АҚШ-та тұрақты тұру визасын алу мүмкіндігінен айырылған 75 елдің арасында Қазақстаннан бөлек Грузия, Иран, Ресей, Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Әзербайжан, Молдова, Беларусь, Иран бар. Мұндай визалардың қашан қалпына келтірілетіні хабарланған жоқ.
ШЕКТЕУДІҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?
Шектеудің туристік, студенттік визаларға, футболдан әлем кубогына берілетін визаға қатысы жоқ. Шешім тек АҚШ-қа көшіп барып, тұруға мүмкіндік беретін иммиграция визасына қатысты шыққан. Әдетте АҚШ-тың грин-картасын алғандар алдымен иммиграция визасына тапсырып, сол арқылы Америкаға көшіп барады.
АҚШ мемлекеттік департаменті бұл шешімді «шетелден келетін азаматтардың әлеуметтік және мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалануды тоқтату үшін шығарылғанын» мәлімдеді.
Fox News дерегінше, АҚШ-тың дипломатиялық өкілдіктеріне әлеуметтік тәуелділік қаупі жоғары үміткерлерге виза беруден бас тарту жөнінде нұсқаулық жіберілген. Шешім қабылдау кезінде консулдық қызметкерлер келесі факторларды ескеретін болады:
· денсаулық жағдайы;
· жасы;
· ағылшын тілін білу деңгейі;
· қаржылық жағдайы;
· ұзақ мерзімді медициналық күтімге мұқтаж болу ықтималдығы.
Сонымен қатар, мемлекеттік департамент адамның АҚШ-тың әлеуметтік бағдарламалары есебінен өмір сүруі мүмкін деген негіздер болған жағдайда, оны елге кіруге жарамсыз деп тану құқығын белсендірек қолданбақ.
«АҚШ БАЙЛЫҒЫН ҰРЛАУШЫЛАР»
Washington Post Politics дерегінше, мемлекеттік департамент өкілі Томми Пиггот: «АҚШ президентінің әкімшілігі иммиграциялық жүйені теріс пайдаланатын және АҚШ-қа тиесілі байлықты ұрлауға тырысатын тұлғаларға тосқауыл қояды» деп мәлімдеді.
Т.Пигготтың айтуынша, 75 елдің азаматтарына иммиграциялық визаларды беру, департамент процестерді қайта қарамайынша тоқтатылады, бұл әлеуметтік қамтамасыз ету және мемлекеттік жәрдемақыларды пайдалану үшін келетін шетел азаматтарын болдырмауға бағытталған.
100 МЫҢНАН АСТАМ ВИЗАНЫҢ КҮШІ ЖОЙЫЛДЫ
АҚШ билігі виза иелерін тұрақты тексеріп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда визаның күшін жойып тастайды.
«Қазір 55 миллион адамда АҚШ визасы бар, олар тұрақты түрде тексеріледі. Заң бұзса – визаның күші жойылады», – дейді АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Ян Бейтсон.
Өкілдің мәліметінше, 2025 жылы департамент 100 мыңнан астам визаны жойды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Күші жойылған визалардың арасында 8 мың студенттік виза және 2,5 мың H-1B жұмыс визасы бар.
АҚШ-ҚА БАРАТЫН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР НЕНІ БІЛУІ ТИІС?
Виза тәртібі
АҚШ қазақстандықтарға сапар мақсатына қарай келесі виза түрлерін береді:
B1/B2 — іскерлік/туристік;
F — оқу (ЖОО, тіл курстары);
J — алмасу бағдарламалары;
H, L, O — келісімшартпен жұмыс істеу.
Кіру мерзімін АҚШ шекарашылары I-94 жүйесінде тіркейді.
Кеден ережелері
Тыйым салынған заттар: есірткі, рұқсатсыз қару, ет, жеміс, тұқым, өсімдіктер;
$10,000-нан жоғары ақшаны декларациялау қажет.
Заң және тәртіп
АҚШ-та мас күйде көлік жүргізу – қылмыс;
Қоғамдық орында шылым шегуге тыйым салынуы мүмкін;
Пара беру немесе алу – заңсыз.
16:44
25
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.