АҚШ-қа тікелей ұшатын күн таяу: америкалық мамандар Қазақстанда тексеріске кірісті
Бүгіннен бастап Қазақстанда АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) ұшу қауіпсіздігіне қатысты халықаралық бағалауы өтеді.
АҚШ-қа тікелей рейс ашу бағытындағы жұмыс
ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, бұл бағалаудың негізгі мақсаты – Қазақстанның авиация саласындағы уәкілетті органдары ұшу қауіпсіздігін халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) талаптарына сай мемлекеттік деңгейде қаншалықты тиімді қадағалай алатынын тексеру.
FAA сарапшылары Қазақстандағы авиация саласына қатысты заңнаманы, нормативтік талаптарды, әуе кемелері мен операторларды сертификаттау жүйесін және мемлекеттік бақылау тетіктерін зерделейді.
Комитеттің мәліметінше, бұл бағалау Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу бағытындағы жұмыстың бір кезеңі саналады. Дайындық жұмыстарына Көлік министрлігі, Азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның Авиация әкімшілігі және Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі бірлесіп қатысып жатыр.
CAT 1 санатын алу нені білдіреді
24 қыркүйекте FAA сарапшылары Астанада Air Astana әуе компаниясына да барады. Бұл сапар әуе компаниясының АҚШ Көлік министрлігінен коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат алу үшін берген өтінішіне байланысты ұйымдастырылған.
«Бағалау аяқталғаннан кейін FAA Қазақстанның Авиация әкімшілігімен брифинг өткізеді. Кейін оның қорытындысы бойынша жазбаша есеп ұсынады», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар комитет Қазақстанның CAT 1 санатын алуы елдегі азаматтық авиация қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесінің ИКАО талаптарына сәйкес келетінін білдіретінін түсіндірді.
Алайда CAT 1 санатының өзі АҚШ-қа тікелей рейс орындауға автоматты түрде рұқсат бермейді. Қазақстандық әуе компаниялары АҚШ заңнамасында көзделген өзге де рәсімдерден өтуі қажет.
10:55
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.