АҚШ-қа тікелей рейс: Қазақстан қандай талапты орындауы керек

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасы 2027 жылдың соңына дейін ашылуы мүмкін. Ол үшін Қазақстан АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) бірінші санаттағы рұқсатын алып, әуе кемелерінің санын көбейтуі керек.


19/11/2026
11:09 0

Монреаль қаласында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Дэниел Дж. Эдвардспен кездесті.

 

Қазір Қазақстан FAA-ның бірінші санаттағы рұқсатын алу жұмысын жалғастырып жатыр. Қыркүйекте америкалық мамандар елдегі авиациялық қауіпсіздік жүйесіне аудит жүргізіп, алдын ала қорытындысын ұсынған. Олар тексеру нәтижелерін жақсы бағалаған.

 «Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз және осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Екі ел арасында жасалған «Ашық аспан» келісімі бұл бастаманы жүзеге асыруға берік құқықтық негіз қалайды», – деді Талғат Ластаев.

 

Кездесуде қазақстандық әуе компанияларының ұшақ паркін жаңарту мәселесі де талқыланды. Air Astana 2026–2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын қабылдауды жоспарлап отыр. Оларды АҚШ-қа қатынайтын рейстерге пайдалану көзделген.

 

Бұдан бөлек, 2025 жылы америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд доллар болатын 33 ұшақ жеткізу жөнінде келісім жасалған.

 

Вице-министрдің айтуынша, тікелей рейстердің ашылуы екі ел арасындағы іскерлік және туристік байланысты нығайтып, АҚШ пен Орталық Азия арасындағы қатынасты жеңілдетеді.

Поделиться

Нет комментариев.

19/11/2026 11:09
0

Уведомление