Асаубаеваға Карлсенмен қайта бақ сынасуға мүмкіндік туды
Екеуі 2027 жылдың ақпанында Германияның Вайсенхаус курортында өтетін фристайл-шахматтан (Фишер шахматы) әлем чемпионатында кездесуі мүмкін.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева шахматтан әлемнің 16-чемпионы Магнус Карлсенмен тағы бір мәрте тақта басында бақ сынауға мүмкіндік алды. Екеуі 2027 жылдың ақпанында Германияның Вайсенхаус курортында өтетін фристайл-шахматтан (Фишер шахматы) әлем чемпионатында кездесуі мүмкін.
Жарыстың ұйымдастыру комитеті әйелдер және ашық санаттағы турнирлерге қатысатын алғашқы шахматшылардың есімдерін жариялады. Әр санатта әлемнің үздік сегіз ойыншысы бақ сынайды.
Әйелдер арасындағы турнир (2027 жылғы 5–7 ақпан): Алғашқы бес қатысушының қатарында Қазақстанның екі өкілі бар. Олар – Бибісара Асаубаева мен Алуа Нұрман. Сондай-ақ Украинадан Анна Музычук, Үндістаннан Харика Дронавалли және Германиядан Динара Вагнер қатысады.
Ашық санаттағы турнир (2027 жылғы 12–14 ақпан): Қатысатыны белгілі болған бес шахматшының қатарында норвегиялық Магнус Карлсен, америкалық Фабиано Каруана, өзбекстандық Нодирбек Абдусатторов, германиялық Винсент Каймер және үндістандық Пранав Венкатеш бар.
Әр турнирдегі қалған үш жолдама Freestyle Friday сериясы мен онлайн іріктеудің екі қорытынды кезеңінде сарапқа салынады. Іріктеу кезеңдері 2026 жылғы 29 қараша мен 3 желтоқсан аралығында, сондай-ақ 2027 жылғы 3–7 қаңтарда өтеді.
Ережеге сәйкес, шахматшы әйелдер де ерлермен бірге ашық санаттағы іріктеуге қатыса алады. Егер Асаубаева осы мүмкіндікті пайдаланып, іріктеуден сүрінбей өтсе, норвегиялық гроссмейстермен бір тақтада ойнауы мүмкін.
10:04
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.