Асаубаева әлемдегі ең мықты гроссмейстерлердің бірін жеңді

Бұл жеңіс қазақстандық шахматшының мансабындағы рейтингі ең жоғары қарсыласты ұтқан алғашқы жетістігі болды.


13/11/2026
11:29 0

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Венгрия астанасы Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 элиталық турнирінде әлемдегі ең мықты гроссмейстерлердің бірі, үндістандық Арджун Эригайсиді жеңді.

 

Sports.kz басылымының жазуынша, жылдам классика форматындағы топтық кезеңнің екінші турында қазақстандық шахматшы үндістандық қарсыласымен қара тастармен ойнап, шағын матчтың алғашқы партиясында жеңіске жетті. Кездесу кезінде Эригайсидің рейтингі 2746 ұпай болған. Ол FIDE рейтингінде 12-орында тұр.

 

Бұған дейін Бибісара классикалық форматта рейтингі 2700-ден асатын элиталық шахматшылардың ешқайсысын жеңіп көрмеген. Оның осыған дейінгі ең үздік нәтижесі рейтингі 2691 болған Санан Сюгировты ұту еді.

 

Будапешттегі турнир Асаубаева үшін сәтсіз басталды. 10 қарашада өткен блиц турнирінде ол қатарынан сегіз рет жеңіліп, бар болғаны 0,5 ұпай жинады. Нәтижесінде 24 қатысушының ішінен соңғы орынға тұрақтады. Алайда топтық кезеңнің алғашқы турында қазақстандық шахматшы АҚШ-тың үш дүркін чемпионы Уэсли Сомен екі партияда да тең түсті.

Поделиться

Нет комментариев.

13/11/2026 11:29
0

Уведомление