Ғарыштағы дата-орталықтар: ЖИ-дің болашағы ма, әлде қымбат эксперимент пе?  

Ғарыштағы дата-орталықтар деген не, олар не үшін қажет және бұл идеяны жүзеге асыруға не кедергі?


16/03/2026
15:18 33 0

Күн сайын миллиондаған адам жасанды интеллектпен сөйлесіп, түрлі сервистерді пайдаланады. Бірақ оның артында тоқтаусыз жұмыс істейтін алып дата-орталықтар тұрғанын білмейтіндер көп.

 

Ғалымдардың айтуынша, жердегі дата-орталықтардың дәуірі аяқталып келеді. Енді технологиялық алпауыттар бұл инфрақұрылымды мүлде жаңа деңгейге көтермек – серверлерді ғарышқа шығару идеясы талқыланып жатыр. Ғылыми фантастика деуіңіз мүмкін. Алайда дәл осы тұжырымдамаға қазір миллиардтаған инвестиция құйылып жатыр.

 

Сонымен, ғарыштағы дата-орталықтар деген не, олар не үшін қажет және бұл идея қаншалықты көкейге қонымды? Masa media тілшісі тарқатады.

 

Дата-орталық деген не?

Дата-орталық (data center) – интернеттегі қызметтердің жұмысын қамтамасыз ететін мыңдаған компьютер тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін алып кешен. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – интернеттің «жүрегі» немесе «қоймасы» сияқты орын.

 

Жасанды интеллектпен айналысатын компаниялар – Anthropic, OpenAI және Google  мұндай орталықтарды екі негізгі мақсатта пайдаланады.

 

Біріншісі — жасанды интеллект модельдерін үйрету. Бұл – аса күрделі әрі ресурсты көп қажет ететін процесс. Мыңдаған арнайы чиптер (GPU) апталап, кейде айлап қатар жұмыс істейді.

 

Екіншісі AI сервистерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Миллиондаған адам чат-боттармен бір мезетте сөйлескен кезде серверлер әр сұранысты өңдеп, жауап қалыптастырады. Мұның бәрі орасан зор есептеу қуатын талап етеді.

 

Мұндай инфрақұрылымға:

 

·        тұрақты электр қуаты

·        аса жылдам интернет

·        қуатты салқындату жүйелері қажет.

 

Сондықтан ірі дата-орталықтар электр желісіне үлкен жүктеме түсіріп қана қоймайғ кей өңірлерде тұщы су қорын да көп шығындайды.

 

Есептеу орталықтарын ғарышқа шығарудың қажеті қанша?

Ғарыштағы дата-орталықтар идеясының тууы бекер емес. Мамандардың айтуынша, Жер орбитасының төменгі қабатында күн энергиясы шексіз, ал ғарыш вакуумы табиғи салқындатқыш бола алады.

 

Жоспар бойынша қуатты серверлер спутниктердің ішінде орналасады. Олар топ-топ болып орбитада қозғалып, Жерден келген сұраныстарды қабылдап, өңделген деректерді қайта жібереді.

 

фото: New Atlas

 

Теория жүзінде мұндай жүйе:

 

·        электр қуатына тәуелділікті азайтады

·        жер мен су ресурстарын пайдалануды қысқартады

·        есептеу қуатын шексіз масштабтауға мүмкіндік береді.

 

Қолға алынған жобалар

Бұл идея ой мен сөз шеңберінен әлдеқашан шығып, іс жүзінде сыналуға жақын. Бірнеше компания нақты жобалармен айналысып жатыр.

 

Мысалы, Google компаниясы Planet Labs компаниясымен бірге Suncatcher жобасын іске қосуда. Оның аясында келесі жылы орбитаға екі тәжірибелік спутник ұшырылуы мүмкін.

 

Ал Aetherflux стартапы бастапқыда орбитадан күн энергиясын жеткізу технологиясын әзірлеген. Қазір компания орбиталық дата-орталықтың алғашқы коммерциялық түйінін іске қосуды жоспарлап отыр.

 

Тағы бір жоба – Starcloud. Компания Nvidia қолдауымен өткен жылдың қарашасында GPU жабдықтарын ғарышқа жіберіп, орбитада үлкен тілдік модельді сәтті үйреткенін хабарлады.

 

SpaceX және орбиталық есептеу қуаты

Бұл бағыттағы жарысқа жуырда тағы бір алып компания қосылды – SpaceX.

 

Компания xAI жасанды интеллект фирмасымен бірлесіп, шамамен 1,25 триллион долларлық жобаны талқылап жатыр.

 

SpaceX ұсынып отырған спутник желісі тарихтағы ең ірі жүйе болмақ. Сурет: Freepik.

 

Илон Масктың есебінше жобаны жүзеге асыру арқылы:

 

·        жыл сайын Жерден 1 тераватт есептеу қуатын орбитаға шығаруға болады;

·        үш жыл ішінде ғарышта AI-ресурстарын өндіру Жердегі инфрақұрылымнан әлдеқайжа арзанға түсуі мүмкін.

 

Қандай кедергілер бар?

Дегенмен орбиталық дата-орталықтар оңай жүзеге аса қоятын шаруа емес.  Сарапшылардың сөзінше, бірнеше күрделі мәселе бар:

 

1. Ғарыш қоқысы. Қазіргі орбитада шамамен 6600 тонна ғарыш қалдығы және 14 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған спутник бар. Олардың арасымен маневр жасау үшін қосымша отын қажет болады.

 

2. Жылуды шығару. Ғарышта салқын болғанымен, серверлердің қызуын тиімді түрде сыртқа шығару оңай емес.

 

3. Қызмет көрсету. Аппараттарды жөндеу немесе жаңарту үшін ғарышкерлердің қызметіне жүгінуге тура келуі мүмкін.

 

4. Астрономияға әсері. Жаңа спутниктер санының көбеюі телескоптарға кедергі келтіріп, түнгі аспандағы жарық ластануын арттыруы ықтимал.

 

көрнекі сурет: ЖИ

 

ЖИ инфрақұрылымын қашанғы кеңейтеміз?

Қазір жүргізіліп жатқан тәжірибелер ғалымдарға тәжірибе жинап, технологияны сынауға мүмкіндік беріп отыр. Алайда ғарыштағы дата-орталықтарды кең ауқымда іске қосу әлі талай жыл уақыт керек.

 

Сонымен бірге тағы бір маңызды сұрақ туындайды: жасанды интеллект шынымен адамзатқа уәде етілген пайда әкеле ме және оған арналған инфрақұрылымды тоқтаусыз кеңейте беру қажет пе? Ғалымдар заман ілгерілеген сайын технологиялық даму туралы пікірталастар қыза түсетінін және бұл сұрақтарға ешкім нақты жауап бере алмайтынын айтады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

16/03/2026 15:18
33 0

Уведомление