Ғарыш туризмі: адамзаттың жаңа демалыс индустриясы қалай дамып жатыр

Ғарышқа туристік сапарлардың құны қанша, болашағы қандай?


25/03/2026
09:19 49 0

Біздің ғасырымызға дейін ғарыш туризмі ғылыми фантастикаға ғана тән ұғым сияқты көрінетін. Алайда соңғы жылдары бұл сала қарқынды дамып, Жерді орбитадан көру мүмкіндігі тек ғалымдар мен кәсіби ғарышкерлерге ғана емес, қарапайым адамдарға да қолжетімді бола бастады. Әрине, әзірге мұндай сапар тек ауқатты адамдардың ғана ермегі. 

 

Бүгінде әлемнің бірнеше еліндегі жеке және мемлекеттік компаниялар ғарышқа туристік сапарларды ұйымдастырады. Индустрия жаңа кезеңге қадам басып, түрлі форматтағы турлар ұсыныла бастады. Ғарыш туризмі қалай пайда болды, қазір мұндай сапар қанша тұрады және Жерді орбитадан көргісі келетіндер қандай дайындықтан өтуі қажет? Masa media тілшісі тарқатады.

 

Алғашқы ғарыш туристері

 

Ғарышқа туристік сапар ұйымдастыру идеясы ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болды. 1960-жылдардың соңында америкалық кәсіпкер Баррон Хилтон орбитада қонақүй салу жобасын ұсынған. Бұл жоба Orbiter Hilton деп аталып, ғарышта демалыс кешенін ашуды көздеді.

 

Алайда ол кезеңде мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін технология да, қаржы да жеткіліксіз еді. Сондықтан ғарыш туризмі ұзақ уақыт бойы тек теориялық идея ретінде қалды.

 

Бұл саладағы алғашқы нақты қадам 2001 жылы жасалды. Сол жылы америкалық кәсіпкер Деннис Тито ресейлік «Союз ТМ-32» ғарыш кемесімен ұшып, Халықаралық ғарыш станциясына барған алғашқы ғарыш туристі атанды. Құны 20 миллион долларға бағаланған бұл сапарды америкалық Space Adventures компаниясы ұйымдастырған.

 

фото: aviationfile.com

 

Кейінгі жылдары осы бағдарлама аясында тағы бірнеше жеке тұлға орбитаға барды. Олардың қатарында:

 

  • оңтүстікафрикалық кәсіпкер Марк Шаттлворт (2002);
  • америкалық кәсіпкер Чарльз Симони (2007 және 2009 жылдары екі рет);
  • британдық ойын жасаушы Ричард Гэрриот (2008);
  • канадалық миллиардер Ги Лалиберте бар (2009).

Бұл сапарлардың құны шамамен 20–50 миллион доллар аралығында болды. Сондықтан мұндай мүмкіндікті санаулы адамдар ғана пайдалана алды.

 

Жеке компаниялар дәуірі

 

XXI ғасырдың екінші онжылдығында ғарыш туризмі жаңа кезеңге өтті. Себебі бұл салаға жеке ғарыш компаниялары белсенді кіре бастады.

 

Олардың ішінде ең танымалдары:

 

  • SpaceX
  • Blue Origin
  • Virgin Galactic

2021 жылы SpaceX компаниясы толықтай коммерциялық экипаждан тұратын Inspiration4 миссиясын орбитаға жіберді. Бұл сапарды америкалық кәсіпкер Джаред Айзекман қаржыландырып, өзімен бірге тағы үш адамды алып ұшты. Экипаж үш күн бойы орбитада болып, Жерді арнайы панорамалық күмбез арқылы тамашалады.

 

Джаред Айзекман

 

Ал 2022 жылы Axiom Space компаниясы SpaceX кемесімен төрт адамнан тұратын алғашқы толық коммерциялық миссияны Халықаралық ғарыш станциясына жіберді.

 

Айға ұшатын туристік миссиялар

 

Ғарыш туризмінің келесі кезеңі – Айға ұшатын коммерциялық экспедициялар.

 

Бұл бағытта америкалық SpaceX компаниясы ерекше жобаны іске асыруды жоспарлаған. Жапон миллиардері Юсаку Маэдзава Starship кемесімен Айды айналып ұшатын dearMoon миссиясын қаржыландыруға келісім берген.

 

Жобаға әлемнің түрлі елінен суретшілер, музыканттар және шығармашылық өкілдері қатысуы тиіс болған. Алайда бұл миссия әлі де сынақ кезеңінде қалып отыр.

 

Ғарыш туризмімен айналысатын елдер

 

Ғарыш туризмі саласында санаулы мемлекет белсенді жұмыс істеп келеді.

 

Бұл бағыттағы ізашарлардың бірі – Ресей. «Союз» кемелері арқылы ресейлік ғарыш агенттігі америкалық Space Adventures компаниясымен бірлесіп туристерді орбитаға жіберді.

 

фото: golosameriki.com

 

АҚШ қазіргі уақытта саланың сөзсіз көшбасшысы саналады. Себебі негізгі жеке ғарыш компаниялары дәл осы елде орналасқан.

 

Ал Қытай соңғы жылдары өз ғарыш бағдарламасын белсенді дамытып, болашақта коммерциялық туристік миссияларды іске қосуды жоспарлап отыр.

 

Суборбиталық және орбиталық ұшулар

 

Қазіргі кезде ғарыш турлары бірнеше форматта ұсынылады. Олар биіктігі мен ұзақтығына қарай ерекшеленеді.

 

Суборбиталық ұшулар


Бұл сапар бірнеше минутқа ғана созылады. Туристер салмақсыздықты сезініп, Жердің иілген көкжиегін көре алады. Мұндай ұшуларды Blue Origin және Virgin Galactic компаниялары ұйымдастырады.

 

Орбиталық ұшулар


Бұл сапар бірнеше күнге созылады және күрделі дайындықты талап етеді. Туристер орбитада өмір сүріп, кей жағдайда Халықаралық ғарыш станциясына бара алады. Мұндай миссияларды негізінен SpaceX жүзеге асырады.

 

Болашақта ғарыш қонақүйлері мен Айды айналып ұшатын коммерциялық сапарлар да пайда болуы мүмкін.

 

Ғарышқа саяхаттаған алғашқы қазақстандық 

 

2025 жылғы 8 қазанда Қазақстан ғарыш туризмі тарихында ерекше оқиға болды. Отандық кәсіпкер Дана Қарағұсова суборбиталық ұшуға қатысып, мұндай сапарға шыққан алғашқы қазақстандық турист атанды.

 

Ол америкалық Blue Origin компаниясының New Shepard кемесімен ғарыш шегіне ұшты. Кеме сапарға АҚШ-тың Техас штатындағы ғарыш айлағынан аттанды.

 

фото: Blue Origin

 

Ұшудың ұзақтығы шамамен 10–12 минут болған. Бұл – суборбиталық миссияларға тән уақыт. Бұл миссия Blue Origin компаниясының туристер қатысқан 15-ші ұшуы болды.

 

Бір қызығы, экипаж мүшелері өздерін «Space Nomads» – «Ғарыш көшпенділері» деп атаған. Бұл атау Қазақстан мәдениетіне құрмет ретінде ұсынылыпты.

 

Дана Қарағұсова –  ғылым, өнер және цифрлық технологияларды біріктіретін жобалармен айналысатын Portals бастамасының тең құрылтайшысы. Ол тек кәсіпкер ғана емес, тәжірибелі альпинист: Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарына шыққан.

 

Ғарыш турисі болам десеңіз...

 

Ғарышқа турист ретінде ұшқысы келетін адам бірнеше кезеңнен өтуі тиіс.

 

Алдымен турист операторды және сапар түрін таңдайды. Одан кейін келісімшарт жасалып, медициналық тексеріс басталады.

 

фото: roscosmos.ru

 

Дайындық бағдарламасы әдетте мыналарды қамтиды:

 

  • центрифугада шамадан тыс жүктемеге бейімделу;
  • салмақсыздық жағдайын сезіну үшін параболалық ұшулар;
  • төтенше жағдайларда әрекет ету жаттығулары.

Орбиталық сапарлар үшін дайындық бірнеше аптаға немесе айларға созылуы мүмкін. Ал суборбиталық ұшуларға әдетте бірнеше күн дайындық жеткілікті.

 

Саяхат құны

 

Ғарыш турларының бағасы сапардың түріне байланысты айтарлықтай өзгереді.

 

  • Virgin Galactic суборбиталық ұшулары шамамен 600 мың доллар.
  • Blue Origin сапарлары 250 мыңнан 450 мың долларға дейін.
  • SpaceX орбиталық миссиялары орта есеппен 55 млн доллар.

Ал Халықаралық ғарыш станциясына толыққанды сапардың құны 50 миллион доллардан асуы мүмкін.

 

Болашақтағы ғарыш демалысы

 

Ғарыш туризмі әлі де элиталық қызмет саналғанымен, технология дамыған сайын оның бағасы біртіндеп төмендеуі мүмкін. Сарапшылар алдағы онжылдықта орбиталық қонақүйлер, Айға коммерциялық экспедициялар және ұзақ мерзімді ғарыш сапарлары жүзеге асуы ықтимал деп болжайды.

 

Осылайша адамзат үшін бұрын қолжетпес көрінген ғарыш біртіндеп жаңа туристік бағытқа айналып келеді. Бәлкім, болашақта Жер орбитасында демалу немесе Айды айналып ұшу бүгінгі ұшақпен саяхаттау сияқты қалыпты құбылысқа айналуы ғажап емес.

 

Поделиться

Нет комментариев.

25/03/2026 09:19
49 0

Уведомление