Қарттар күні: еліміздегі ең егде адамның жасы қаншада?

Қазақстанда 100 жастан асқан 44 зейнеткер тұрады.


01/10/2026
09:16 0

Ең егде қария – 106 жаста

 

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, еліміздегі ең қарт әйел Шымкентте тұрады. Оның жасы – 106-да.

 

Ал ер адамдар арасында ең егде зейнеткер – Алматының 104 жастағы тұрғыны. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор әрі академик.

 

Қазір Қазақстанда 2,4 млн-нан астам адам зейнетақы алады. Зейнеткерлердің басым бөлігі – әйелдер. Олардың үлесі 64%-ды құрайды. Ерлердің үлесі – 36%.

 

Қарттар күнін атап өтудің мәні

 

Халықаралық қарттар күні 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен белгіленіп, 1991 жылдан бері жыл сайын 1 қазанда аталып келеді. Оның негізгі мәні – егде жастағы адамдардың қоғамдағы орнын айшықтау, олардың құқықтары мен қажеттіліктеріне назар аудару және лайықты өмір сүруіне жағдай жасау.

 

Қазақстанда да аға буынды әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Бұл зейнетақымен қамсыздандырумен ғана шектелмей, әлеуметтік қызметтер көрсету, белсенді қартаюға жағдай жасау және өмір сапасын арттыру шараларын қамтиды.

 

Алайда Қарттар күнінің мәні әлеуметтік төлемдер мен ресми шаралардан әлдеқайда кең. Кейде қарияға қажеті – ұзақ әңгіме, жылы сөз, халін сұраған бір қоңырау немесе жанынан табылған жақын адамының көңілі. Өмірдің талай белесінен өткен аға буынның ақылы мен тәжірибесі – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Сондықтан үлкенге құрмет көрсету – өткенге тағзым ғана емес, келешекке көрсетілген өнеге. Қарттар күні – осыны тағы бір мәрте еске салатын күн.

Поделиться

Нет комментариев.

01/10/2026 09:16
0

Уведомление