Популярные тэги

Қара теңіздегі шабуыл: Қазақ мұнайы тиелетін кемелерге қандай зақым келді

Қара теңізде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында шабуылданған танкерлердің жағдайы белгілі болды.


13/01/2026
21:05 27 0

фото: ИИ

 

Қара теңізде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында шабуылданған танкерлердің жағдайы белгілі болды.

 

Танкерлерге шабуыл

 

Бұған дейін КҚК терминалына Қазақстан мұнайын тиеу үшін бара жатқан екі танкерге ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасағаны хабарланған. Олардың бірі «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы тарапынан, екіншісі Chevron компаниясы тарапынан жалға алынған.

 

Matilda танкері Қарашығанақ мұнайын тиеуі тиіс болса,  Delta Harmony танкері Теңіз кен орнынан алынған мұнайды тиеуге бара жатқан.

 

Кемелерге қандай зақым келді

 

«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі Delta Harmony танкерін Chevron жалға алғанын растады. Шабуыл салдарынан кеме айтарлықтай зақымданбаған.

 

– Экипаж толықтай қауіпсіз, кеме тұрақтылығын сақтап тұр және қауіпсіз портқа бет алды. Біз кеме операторымен және құзырлы органдармен өзара іс-қимылды үйлестіріп жатырмыз. Chevron жағдайдың даму барысын мұқият бақылап отыр. Оқиға «Теңізшевройлдың» жұмысына да, экспорттық операцияларға да әсер еткен жоқ, – делінген компания хабарламасында.

 

«ҚазМұнайГаз» да ресми мәлімдеме жасап, Matilda кемесін өзінің еншілес компаниясы «Қазақтеңізкөлікфлоты «ҰТКҚК» ЖШС жалға алғанын растады.

 

Компания атап өткендей, КҚК терминалында қазақстандық мұнайды танкерге тиеу 2026 жылдың 18 қаңтарына жоспарланған.

 

«13 қаңтарда танкерге дрондар шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан жарылыс болып, бірақ өрт тұтанған жоқ. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Алдын ала бағалау бойынша кеме теңізге шығуға жарамды, алғашқы тексеру кезінде елеулі конструктивті зақым белгілері анықталған жоқ. Залалды бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді «ҚазМұнайГаз».

Қазақ мұнайын экспорттайтын басты бағыт

 

КҚК терминалы арқылы Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы экспортқа жөнелтіледі.

 

– Бұл шабуылдар КҚК арқылы мұнай жөнелтуді одан әрі қиындатуы мүмкін. Бұл Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағыт, ал ондағы тасымал қазірдің өзінде қолайсыз ауа райы мен қараша айындағы дрон шабуылынан кейінгі айлақ зақымына байланысты төмендеп кеткен, -  деп жазды Bloomberg.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

13/01/2026 21:05
27 0

Уведомление