Ақпарат үшін күрес: ЕО журналистерге қысым мен ЖИ қаупіне алаңдаулы

Еуропалық одақ тәуелсіз БАҚ-қа қысым көрсету, жалған ақпараттың таралуы, сайлау процестеріне араласу және жасанды интеллект арқылы ақпаратты манипуляциялау әрекеттеріне қатысты ескерту жасады.


16/09/2026
09:23 0

Тәуелсіз журналистерге қысым

 

Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Хенна Вирккунен, ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас пен Еурокомиссар Майкл Макграт Халықаралық демократия күніне орай  бірлескен мәлімдеме жасады.

 

Мәлімдемеде соңғы уақытта тәуелсіз журналистерге қысым күшейіп, ал әлеуметтік желілер, алгоритмдер мен жасанды интеллект технологияларының дамуы дезинформацияның бұрынғыдан да жылдам таралуына жағдай жасап отырғаны атап өтілген.

 

ЕО сондай-ақ ақпаратты мақсатты түрде бұрмалау мемлекеттік институттар мен сайлау жүйесіне деген қоғамдық сенімге кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

 

Жасанды интеллект қауіп пе, мүмкіндік пе?

 

Еуроодақтың пікірінше, жаңа технологиялар тек манипуляция құралы ретінде қарастырылмауы керек. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер дұрыс қолданылған жағдайда адамдарға тексерілген ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдетіп, ашықтықты арттырып, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейте алады.

 

ЕО ұстанымындағы негізгі қағида – технологиялар демократиялық процестерді әлсіретпей, керісінше, оны нығайтуға қызмет етуі тиіс.

 

Журналистерді қорғау

 

«Еуропалық демократия қалқаны» аясында Еуроодақ шетелдік ақпараттық араласуға, дезинформацияға және гибридті қатерлерге қарсы шараларын күшейтіп келеді.

 

Бағдарламаның тағы бір бағыты – журналистерді қысымнан және негізсіз сот талаптарынан қорғау, сондай-ақ тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғам ұйымдарына қолдау көрсету.

 

Өткен жылы қауіп-қатерге тап болған 686 журналист ЕО-дан шұғыл қаржылық көмек алған.

 

 Қазақстандағы БАҚ еркіндігі

 

Еуроодақ Қазақстанмен қарым-қатынасында да сөз және баспасөз еркіндігі мәселелерін тұрақты түрде көтеріп келеді.

 

Бұл тақырыптар адам құқықтары жөніндегі диалог барысында, Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында, сондай-ақ Еуропалық құрылымдар мен ЕҚЫҰ-ның бірлескен жобалары кезінде талқыланады.

 

Кездесулерде БАҚ туралы заңнама, журналистерді аккредиттеу тәртібі, ақпаратқа қол жеткізу және редакцияларға қысым көрсету жағдайлары сөз болады.

 

Қазақстандық БАҚ үшін мұндай халықаралық диалогтар сөз бостандығы мәселесіне сыртқы назардың сақталуына мүмкіндік береді. Бұған қоса, еуропалық институттар журналистерге қысым көрсетуге қатысты жекелеген жағдайларды ресми деңгейде де көтеріп отырады.

 

Журналистерге қатысты қылмыстық істер

 

Соңғы жылдары Қазақстандағы БАҚ еркіндігіне қатысты жағдай құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдардың сынына ұшырап келеді.

 

Журналистер мен блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғау деректері көбейе түскені белгілі. Тілшілердің үйі мен редакцияларда тінту жүргізу, кәсіби қызметіне шектеулер қою, сотқа сүйреу оқиғалары жиіледі.

 

фото: ЖИ/masa.media

Поделиться

Нет комментариев.

16/09/2026 09:23
0

Уведомление