Amazon-ның 20 елдегі қызметкерлері ереуілге шықты

Олар жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды және ұжымдық келісімшарт жасасуды талап етті.


29/11/2026
10:09 0

Amazon компаниясының 20 елдегі қызметкерлері 27 қарашада, интернет-дүкендер үшін жылдың ең қарбалас күндерінің бірі саналатын «Қара жұмада» ереуілге шығып, наразылық акцияларын өткізді.

 

Euronews мәліметінше, Make Amazon Pay («Amazon әділ төлесін») халықаралық науқаны биыл жетінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Наразылықты ұйымдастыруға кәсіподақтар, экологиялық қозғалыстар және салық әділдігін жақтайтын ұйымдарды қоса алғанда, 50-ге жуық бірлестік қатысқан.

 

Наразылық акциялары АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Польша, Жапония, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа да елдерді қамтыды. Ұйымдастырушылар ереуіл күнін жаппай жеңілдіктер кезеңіне әдейі сәйкестендірген. Бұл уақытта Amazon қоймалары мен логистикалық орталықтарына түсетін салмақ әдеттегіден әлдеқайда жоғары.

 

Германияның Франкенталь қаласындағы Amazon нысанында шамамен 150 қызметкер бір тәулік бойы жұмысқа шықпады. Олар еңбек өнімділігі жөніндегі талаптардың қысымын азайтуды және ұжымдық келісімге қосылуды талап етті.

 

Ереуілшілердің басты талаптарының бірі – жалақыны көтеру. Наразылықты ұйымдастырушылардың бірі Progressive International мәліметінше, Бангладештегі жұмысшылар айына шамамен 128 еуро алады. Ал кәсіподақтар жалақыны 220 еуроға дейін көтеруді талап етіп отыр.

 

Бұл елдегі жұмысшылардың өкілдері Amazon компаниясынан еңбек қауіпсіздігі жөнінде міндетті келісімдерге қол қоюды да сұрайды. Бұл мәселе 2013 жылы Rana Plaza ғимаратының құлауынан кейін әлі де өзекті. Ол апаттан мыңнан астам адам қаза тапқан.

 

Компания еңбек жағдайына қатысты айыптауларды жоққа шығарады. Amazon өкілі Sky News телеарнасына берген түсініктемесінде қызметкерлерге бәсекеге қабілетті жалақы төленетінін, әлеуметтік жеңілдіктер ұсынылатынын және жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап кәсіби дамуға мүмкіндік берілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Amazon әлем бойынша 1,5 миллионнан астам адамды тікелей жұмыспен қамтып отыр. Компания кеңселерінде де, логистикалық нысандарында да қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етеді.

 

Поделиться

Нет комментариев.

29/11/2026 10:09
0

Уведомление