Ғалымдар алдағы 75 жылда адамзатқа қауіп төндіретін 17 қатерді атады
The Lancet журналының ғалымдары ХХІ ғасырда адамзаттың денсаулығы мен тіршілігіне қауіп төндіруі мүмкін қатерлерді анықтады.
Олардың екеуі – жасанды интеллектіні қасақана зиян келтіру мақсатында пайдалану және ядролық қақтығыс. Бұл қауіптер адамзаттың жойылып кетуіне әкелуі мүмкін.
Зерттеу 2025–2100 жылдар аралығындағы жаһандық қатерлерді бағалауға арналған. Ғалымдар жекелеген аурулармен ғана шектелмей, климаттың өзгеруі мен ауаның ластануынан бастап, әскери қақтығыстарға, экономикалық теңсіздікке және жаңа технологияларды қауіпті мақсатта пайдалануға дейінгі өзара байланысты тәуекелдерді қарастырған.
Мамандар ықтимал қауіптердің жүздеген түрін саралап, соның ішінен ең маңызды 17 қатерді іріктеп алған. Оларды халық денсаулығына ықтимал зардабы мен адамзаттың жойылып кету қаупіне қарай маңыздылық деңгейіне бөліп бағалаған.
Жасанды интеллектіні қасақана зиян келтіру үшін пайдалану мен ауқымды ядролық қақтығыс адамзаттың жойылуына әкелуі ықтимал қатерлер қатарына жатқызылған. Ал қалған қауіптер жаһандық денсаулыққа апатты зардап әкелуі мүмкін факторлар ретінде бағаланған.
Адам денсаулығына төнетін қалған 15 қатердің қатарына мыналар кіреді:
- ауаның ластануы;
- микробтарға қарсы дәрілерге төзімділіктің артуы;
- балалардың жеткіліксіз тамақтануы;
- климаттың өзгеруі;
- жаппай қырып-жоятын емес, кәдімгі қару қолданылатын әскери қақтығыстар;
- денсаулық сақтау саласына көрсетілетін халықаралық көмектің қысқаруы;
- алкогольді шамадан тыс тұтыну;
- артериялық қан қысымының жоғарылауы;
- табыс теңсіздігі;
- білім деңгейінің төмендігі;
- табиғи жолмен пайда болатын пандемиялар;
- семіздік;
- психикалық денсаулық мәселелері;
- темекі шегу;
- егде жаста денсаулықтың нашарлауы.
Зерттеушілер бұл қатерлердің бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтеді. Сондықтан әрқайсысымен жеке-жеке күресу жеткіліксіз. Қауіптің алдын алу үшін денсаулық сақтау жүйесін ықтимал дағдарыстарға алдын ала дайындап, медицина мен климат саласындағы жаңа технологияларға инвестиция салу қажет. Сонымен қатар пайда болып жатқан қатерлерді жүйелі түрде бағалап отыру маңызды.
13:11
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.