«Ғалым да, шахтер де бас иетін...»: Қазақстанда қанша педагог бар
5 қазан – Ұстаздар күні. 2023 жылдан бастап мұғалімдердің кәсіби мерекесі тұрақты датаға ие болып, Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Ұстаздар күні неге 5 қазанда аталып өтеді?
2023 жылға дейін Қазақстанда Мұғалімдер күні қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін. 3 жыл бұрын Үкіметтің шешімімен кәсіби мерекенің күні өзгеріп, 5 қазан болып белгіленді. Осылайша Қазақстан Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен ортақ датаға көшті.
Бұл күннің таңдалуының өзіндік тарихи негізі бар. 1966 жылғы 5 қазанда Парижде педагогтердің мәртебесіне арналған арнайы үкіметаралық конференция өтті. Сол жиында мұғалімдердің құқықтары мен еңбек жағдайына қатысты маңызды халықаралық құжат қабылданды.
1994 жылы 5 қазан алғаш рет Дүниежүзілік мұғалімдер күні ретінде аталып өтті. Кейін бұл дата көптеген мемлекеттердегі педагогтердің кәсіби мерекесіне айналды. Ал 2023 жылдан бастап Қазақстан да осы қатарға қосылды.
Қазақстанда қанша ұстаз еңбек етеді?
Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесінде шамамен 600 мың педагог еңбек етеді. Олардың:
шамамен 420 мыңы мектептерде;
100 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда;
43 мыңға жуығы колледждерде жұмыс істейді.
Соңғы жылдары педагогтердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның бірі – 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң.
Заң педагогтер үшін бірқатар қосымша кепілдіктерді бекітті. 2026 жылы құжатқа жаңа өзгерістер енгізілді.
Оған сәйкес педагогтер білім алушылар үшін тек жұмыс уақытында жауап береді. Сонымен қатар мұғалімдерді қайталама есептілік жүргізуден және кәсіби қызметіне қатысы жоқ міндеттерді орындаудан босатуға бағытталған нормалар қарастырылды.
Фото: ҚР ОАМ
09:35
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.