Алматылық балерина елді көл жағасындағы қойылымымен тәнті етті
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Риза Тағанова – балет өнерін сахнадан тыс жерде паш етіп жүрген жас балерина әрі блогер.
Бұл жолы биші көрермен назарын Алматыдағы Солдатское көлінің жағасындағы өнерімен тәнті етті.
Балерина Instagram парақшасында көпшілік күтпеген жерлерде өнер көрсеткен видеоларын жиі жариялап тұрады. Ол бұған дейін метро ішінде, көшеде және әуежайда билеген. Бұл жолы күзгі табиғат аясында, Солдатское көлінің жағасында өнер көрсетті.
Риза Тағанова күзгі табиғат аясындағы әсем қойылымға Арам Хачатурянның «Спартак» балетіндегі музыкалық үзіндіні таңдапты.
Желі қолданушылары бишінің өнеріне тәнті болып, оның сұлулығы мен видеоның кереметтігін ерекше атап өтті.
«Өнердің құдіреті – жанның нәзік қылын шерте білуінде», «Билеп жүрген қуыршаққа ұқсайсыз» деп жазды көрермендер.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматыдағы Медеу биік таулы мұз айдынына жақын орналасқан Солдатское және Юннатское көлдері аяқ астынан фотосессия өткізетін танымал орынға айналды. Алайда су жағасына демалуға барған қала тұрғындарының кейбірі айналаны ластап кеткеннен соң алматылықтар блогерлерді «жұрт біле бермейтін» көрікті орындарды жаппай жариялауды доғаруға шақырды. Олардың пікірінше, мұндай жерлерді қоқыс пен бүлінуден сақтау үшін табиғи мекендердің орналасқан жерін көпшілікке жариялай бермеу керек.
Фото: instagram.com/rizataganova
13:32
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.