Алматыда оқушылардың жаппай улануы: дәрігер тексеру нәтижесін жариялады
Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары жаппай уланғаннан кейін санитариялық дәрігерлер асхананы және онда жұмыс істейтін қызметкерлерді тексерді.
Мамандар MasterFood компаниясы қызмет көрсететін асханадағы 38 қызметкерді тексерген. Төрт жұмысшыдан алтын түсті стафилококк анықталса, дайын тағамдар мен ыдыстардан ішек таяқшасы табылды. Стафилококк анықталған жұмысшылардың бәрі уақытша жұмыстан шеттетілді.
Тексеру барысында азық-түліктің сақталу талаптары бұзылғаны, асүй құралдарына арнайы белгі қойылмағаны және қажетті жабдықтардың бір бөлігі жоқ екені анықталды. Залалсыздандыру жұмыстарының сапасына да күмән туған. Бұған қоса, ас мәзірінде көрсетілген тағамдар мен оқушыларға ұсынылған ас бір-біріне сәйкес келмеген.
Санитариялық дәрігерлер инфекцияның тағам арқылы тарағанын анықтады. Ауырған оқушылардың көбі өздерін тауық рулеті мен бешбармақтан кейін жайсыз сезіне бастағанын айтқан.
Еске салайық, оқушылардың алғашқы легі 12 қазанда ауруханаға түсті. Барлығы 58 бала ауруханаға жатқызылып, тағы екеуі үйінде емделген. 22 қазанға қарай науқастардың барлығы ауруханадан шығарылды.
Тексеруден кейін асхана мен мектеп-интернат 60 күнге жабылды. Республикалық физика-математика мектебі мен MasterFood компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар санитариялық қағидаларды бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
11:49
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.