Алимент төлемегендер жаңа дереккөздер арқылы анықталады

Бұдан былай өз балаларына берешегі бар әкелер такси, жеткізу қызметі мен құмар ойындардан тапқан табысы арқылы анықталады.


27/10/2026
15:05 0

Премьер-министр Олжас Бектеновтің Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабына сүйенсек, сот орындаушыларының ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдардың, банктердің және еңбек шарттарын есепке алу жүйесінің деректерімен байланыстырылған. Бұл арқылы борышкердің ресми жұмыс орнын және жұмыс берушісін анықтауға болады.

 

Енді сот орындаушылары курьерлер, такси жүргізушілері мен басқа да өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жұмыс істейтін онлайн-платформалардан, сондай-ақ құмар ойындарын ұйымдастырушылардан да ақпарат сұрата алады.

 

Мемлекеттік органдардың дерекқорлары да өзара біріктіріліп жатыр. Бұл жолаушы тасымалы, жеткізу қызметі, құмар ойындар және электронды ақшамен жасалатын операциялардан түсетін кірісті анықтауға мүмкіндік береді.

 

Алимент бойынша берешек борышкердің нақты жалақысы мен өзге де табыстарына қарай есептеледі. Егер ол жұмыс істемесе немесе кірісі туралы құжаттар болмаса, қарыз елдегі орташа жалақы негізінде есептеледі.

 

Алиментті жалақысы мен басқа табыстарынан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаса, сот орындаушысы берешек көлемін есептеп, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын, соның ішінде мүлкін өндіріп алуды қолға алуға міндетті. Қарыздың бір бөлігін өтеген борышкер қалған соманы төлеуден босатылмайды.

 

фото: inbusiness.kz

Поделиться

Нет комментариев.

27/10/2026 15:05
0

Уведомление