Албанияда студенттер наразылығы өршіді: 90-ға жуық адам жараланды
Албанияда студенттердің жаппай наразылығы ел астанасы Тиранадан өзге қалаларға да тарады.
Наразылық бірнеше қаланы шарпыды
DW жазуынша, наразылық салдарынан шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болып, 90-ға жуық адам зардап шекті.
Студенттер үкімет саясатына қарсылық білдіріп, жоғары оқу орындарындағы білім беру жағдайын жақсартуды талап етіп отыр. Наразылық алғашында Тиранада басталған. 15 қазанда шерулер Шкодер, Корче қалаларында және елдің теңіз жағалауындағы бірқатар елді мекенде жалғасты.
Албанияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыс кезінде жарақат алған 89 адамға медициналық көмек көрсетілген. Олардың кемінде 61-і - полиция қызметкері, 18-ге жуығы - шеруге қатысушылар.
Полиция жиналғандарды тарату үшін су атқыш машиналар мен көзден жас ағызатын газ қолданған. Мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасады және өрт қойды деген күдікпен 55-тен астам адам ұсталды. Сондай-ақ жүзге жуық белсендіге қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Наразылықтың себебі және биліктің ұстанымы
Бастапқыда студенттер оқу ақысының қымбаттығына, университеттердегі жемқорлыққа және білім алу жағдайының нашарлығына қарсы көшеге шыққан. Алайда наразылық көп ұзамай «Қоқиқаздар революциясы» деп аталған кең ауқымды үкіметке қарсы қозғалысқа ұласты.
Шерушілер премьер-министр Эди Раманың дереу отставкаға кетуін талап етіп отыр. Олар үкімет басшысын жемқорлыққа жол берді, экономикалық теңсіздікті күшейтті және қорғалатын жағалау аумақтарын элиталық демалыс орнының құрылысына берді деп айыптайды. Жоба АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен байланысты.
Ал Эди Рама қызметінен кетуден үзілді-кесілді бас тартты. Ол жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп саяси оппозицияны айыптап, «бейберекеттік пен зорлық-зомбылықтың» Албанияның Еуропалық одаққа кіруіне кедергі жасауына жол бермейтінін мәлімдеді.
Албаниядағы Еуропалық одақ өкілдігі тараптарды сабыр сақтауға шақырып, мемлекеттік және жеке меншік нысандарының бүлінуін айыптады.
08:07
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.