Ахмет Жұбановтың музыкасы алғаш рет стримингке шығады

Ұлы композитордың шығармаларын оның шөбересі орындап, альбом етіп жазды. Жоба Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай жарық көрмек.


20/10/2026
14:06 0

Marie Claire Kazakhstan басылымының жазуынша, Австрияда 12 жыл тұрып, Қазақстанға оралған скрипкашы Жәңгір Жұбанов ұлы бабасының есімін Spotify платформасынан іздеп көргенде, ештеңе таба алмаған.

«Бірде-бір жазба жоқ екен. Сонда мен бұл альбомның жарық көруін тым ұзақ күткенімізді, Ахмет Жұбановтың музыкасын көпшілікке қолжетімді ету керек екенін түсіндім», – деп еске алады ол.

Биыл туғанына 120 жыл толатын Ахмет Жұбанов – қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі. Ол кейін өз есімі берілген Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрін құрды. Сондай-ақ Латиф Хамидимен бірге «Абай» операсын жазды. Алайда композитордың скрипка мен фортепианоға арналған шығармаларының бүгінгі талапқа сай ресми жазбасы осы уақытқа дейін болмаған.

 

Альбом жазу идеясын Жәңгірге пианист Ерназар Ғимарат ұсынған. Екеуі Ақтөбе мен Оралда өтетін мерейтойлық концерттерге дайындалып жүргенде, осындай жобаны қолға алуды ұйғарыпты. Музыканттар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен залында жазба жасаған. Ал альбомды өңдеу жұмысын Жәңгір Никита Малюховпен бірге атқарған.

 

Жұмыс шығармаларды орындаумен ғана шектелмей, зерттеуді де қажет етті. Кейбір аранжировкаларды іздеп табуға тура келсе, енді бірін музыканттардың өздері жазған. Нәтижесінде альбомға сақталған ноталық мұра мен екі жас орындаушының өзіндік түсінігі тоғысты.

 

 

Жәңгір үшін бұл жазба отбасылық тарихты қайта танып, Жұбанов тегін иеленудің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сондықтан альбомның мұқабасына композитордың жас кезіндегі суретін таңдаған.

 «Бұл жоба мен үшін өте жеке мәнге ие. Қазақстанға көшіп келуді жоспарлап жүрмін. Альбом белгісіз әлемге жасаған алғашқы қадамым іспетті. Мұқабада Ахмет Қуановичтің жас кезіндегі суреті болғанын қаладым. Ол кезде композитор да өз жолын енді бастаған, мен де қазір жаңа жолға қадам басып жатырмын», – дейді музыкант.

 Бұл альбом композитордың музыкалық мұрасын қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстың бастауы болмақ. Жоба командасы Ахмет Жұбанов атындағы қордың жұмысын қайта жандандыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде оның шығармаларына жаңа аранжировкалар әзірленіп, алдағы жобалар дайындалып жатыр.

Поделиться

Нет комментариев.

20/10/2026 14:06
0

Уведомление